Өткен аптадағы жұма күні Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өткізіліп, оның жұмысын кеңес төрағасы Жанат Исағұлов жүргізді.
Алдымен кеңес мүшелері «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауын жан-жақты талқылады. Бұл ретте алғашқы кезекте Қоғамдық кеңес төрағасы Жанат Молдағұлұлы сөйлеп, Мемлекет басшысының үлкен өзгерістерге бастайтын Жолдауы жайында кеңінен баяндап берді.
– Оның ішінде, – деді ол атап айтқанда, – кезектен тыс Президенттік және Парламенттік сайлауларды өткізу, сайланудың мерзімі мен шегі туралы шешімдердің маңызы үлкен. Сонымен қатар «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының, жастарды нашақорлықтан сақтау, парламентаризмді дамыту сияқты мәселелер де өте мәнді. Жалпы, Президентіміздің алға қойып отырған барлық міндеттерінің негізгі түйіні – халықтың жағдайын жақсарту, әл-ауқатын арттыру деп түсінемін өз басым.
– Қасым-Жомарт Кемелұлы, – деді Несіпбала Әбділдаева, – саяси, экономикалық мәселелермен бірге, әлеуметтік жағдайларға көп көңіл бөлген. Әсіресе, әйелдердің зейнет жасын 63-тен 61-ге дейін төмендету, білім беруді ілгерілету, бала тәрбиесін жақсарту тәрізді істердің жай-жағдайына назар аударғаны қуантады. Біз Жолдауды толық қолдаймыз.
– Бұл Жолдау, – деді Қаныбек Айтжанов, – егемен еліміздің дамуына үлкен серпін беріп отыр, Иә, Жаңа Қазақстанда бәрі де жаңаруы тиіс. Адамдардың өмірі, тұрмысына қатысты білім, денсаулыққа байланысты мәселелер өте маңызды. Енді осы міндеттердің жүзеге асуына барлығымыз да атсалысуымыз керек.
Сондай-ақ кеңес мүшелері Ғалия Аманова, Орынбай Жанәділ, Әмина Абдраманова да сөз алып, Жолдаудың мән-маңызын атап көрсетіп, оны толық қолдайтындықтарын білдірді.
Мұнан кейін күн тәртібіне қойылған «Аудан ифрақұрылымын дамыту және өзге де мемлекеттік бағдарламалар аясында өз міндеттерін жүзеге асыру бойынша» аудандық құрылыс, сәулет жәна қара құрылысы бөлімінің басшысы Бағдәулет Сағындықов хабарлама жасады.
Бұл мәселе бойынша сөйлеген төраға Жанат Исағұлов және Қаныбек Айтжанов, Жеңіс Бектасов, Несіпбала Әбділдаева қай жерде де бас жоспар талабын сақтау, құрылыс сапасына бақылауды күшейту, бәрін де тиісті жобаға сәйкес жүргізу қажеттігін айтып, сұрақтарын қойды.
Келесі кезекте «Тұрғындар алдында бір жылдық есеп беру кезінде Әйтей ауылдық округі әкіміне берілген талап-өтініштердің орындалуы барысы туралы» округ әкімі Жарқын Қатубаев есеп беріп, осы бағытта атқарылған әртүрлі жұмыстар жайында кеңінен баяндады, қойылған сұрақтарға жауап қайтарды. Осы орайда Жанат Исағұлов, Қаныбек Айтжанов, Орынбай Жанәділ ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныс-тілектерін айтты.
Кеңес мүшелері, сондай-ақ «Мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы заңнаманың сақталуы және көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызметтердің сапасы туралы» Жамбыл ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Ерсұлтан Жұмахановтың есебін тыңдады. Ол осы орайдағы істер жайында жақсылап айтып берді.
Отырыста қаралған ең соңғы мәселе «Қарасай ауданы аумағында ауданішілік және қалаішілік бағыттарда жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тұрақты тасымалдаудағы сараланған тарифтерді белгілеу» болды. Бұл жөнінде аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Жанат Шакиров пен «Қаскелең автобус паркі» ЖШС директорының орынбасары Арыстан Мананов хабарлама жасады. Аталған жайт жайында Бауыржан Айнабеков, Ғалия Аманова, Жанат Исағұлов, Орынбай Жанәділ, Жеңіс Бектасов, Мұхтар Байқұлов, Бекжан Сүнбеков сұрақ қойып, пікірлерін білдірді, бұл тарифті қызу талқыға салды. Сөз түйіні – тарифті әлі де нақтылау, төмендетуге бағыт ұстану, сөйтіп, алдағы отырыста қайта ұсыну.
Отырыста барлық қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды. Бас қоуды кеңес төрағасы Жанат Исағұлов қорытындылады.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.
P.S. Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің мүшелері Қостанайдағы өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында 200 мың теңге аударды.