2021 жылдың шілдесінен бергі он айдың ішінде жаңа әкімшілік соттардың жұмысы бір жүйеге түсті. Сонымен бірге Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске сай сот тәжірибесі де қалыптасып үлгерді. Елімізде алғаш рет жұмысын бастаған әкімшілік әділеттің оң тұстары және тиімді жақтары аз емес.
Кодекстің жаңашылдықтарын көпшілікке таныстыру, азаматтардың әкімшілік соттарға қатысты түсінігін кеңейту бойынша атқарылатын жұмыстар әлі де жалғасуда. Бұл бағыттағы іс-шараларды жандандырып, құқықтық сауатты көтеру ісінен судьялар қауымы да шет қалған емес.
Осы ретте жазбаша іс жүргізу тәртібіне ерекше тоқталған артық етпейді. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс бойынша жазбаша іс жүргізу тәртібі 23-тарауда дәйектелген. Осы тарауда көрсетілгендей әкімшілік істердің сот өндірісін ауызша және жазбаша тәртіппен жүргізуге мүмкіндік бар. Мұның айырмашылығы неде? Қарапайым азаматтар ауызша іс жүргізу мен жазбаша іс жүргізудің ара жігін ажырата алмайды. Заңнамаға сәйкес, ауызша іс жүргізу кезінде іс сот отырысы тағайындалып қаралады. Ал жазбаша іс жүргізу кезінде сот отырысы тағайындалмайды. Жазбаша іс жүргізудің ерекшелігі – әкімшілік іс процеске қатысушыларды шақырмай-ақ қаралады. Сот тараптар ұсынған және өз бастамасы бойынша талап етілген дәлелдемелерді зерттеп, сол бойынша шешім қабылданады. Бұл ретте сот өтінішхаттар мен құжаттарды ұсынуға болатын қосымша мерзімді тағайындайды.
Тағы бір ескерерлігі жаңа кодексте белгіленгендей, әкімшілік істер бойынша жазбаша іс жүргізу тәртібі Азаматтық іс жүргізу кодексінде көзделген оңайлатылған іс жүргізу тәртібінен басқаша. Екеуінде айырмашылық бар. Өзгешеліктің бастысы, әкімшілік істе шешімді қабылдаған сот осы шешімнің күшін өзі жоюға құқылы. Тағы бір ерекшелігі жеке процестік әрекетті жасау немесе процестік мәселені шешу үшін іс жүргізу кезінде ауызша сот отырысын тағайындай алады. Ауызша сот талқылауы кезінде сот тараптардың және әкімшілік процестің басқа да қатысушыларының түсініктемесін, куәлар мен сарапшылардың айғағын тыңдауға, заттай дәлелдемелерді қарап-тексеруге, жазбаша дәлелдеме және өзге де құжаттармен танысуға, сондай-ақ, дәлелдемелерді зерттеу бойынша басқа да әрекеттер жасайды. Осылайша судья ауызша сот талқылауын өткізгеннен кейін жазбаша іс жүргізуді одан әрі жүргізе береді. Мұның өзі істің сапалы қаралуына жол ашады.
Ең басты назар аударарлығы, жазбаша іс жүргізу тек тараптардың келісімі бойынша жүргізілетінін қаперден шығармау керек. Яғни, мұнда тараптардың пікірі маңызды. Бұдан бөлек, жазбаша іс жүргізу тәртібімен қаралуға жататын істердің жекелеген санаттарының бекітілмеуі де үлкен мүмкіндік көзі. Әкімшілік іс жазбаша талқылауда ақылға қонымды мерзімде, бірақ талап қойылған күннен бастап үш айдан аспайтын уақытта қаралады. Ал аса күрделі әкімшілік істер бойынша бұл мерзім соттың уәжді ұйғарымымен ақылға қонымды, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін. Бұл да азаматтарды әуре-сарсаңға салмаудың тетігі.
Әкімшілік іс барысында судья іс бойынша алдын ала тыңдау өткізеді. Осы кезде тараптарға істі жазбаша іс жүргізу тәртібімен қарау мүмкіндігі бары міндетті түрде түсіндіріледі. Яғни, істі жазбаша тәртіпте қарау мәселесі сот отырысы тағайындалмай тұрып шешіледі. Жалпы жазбаша іс жүргізудің тиімділігі өте жоғары. Себебі бұл тәртіп тараптардың және соттың уақытын үнемдеуімен құнды.
Мақсат Садықов,
Алматы облыстық №2 маман-дандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы.