Қарасай ауданының прокуратурасы аудандық білім бөлімінде педагогтардың еңбек құқықтарының сақталуына талдау жүргізіп, бірқатар кемшіліктерді анықтады.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 86-бабына сәйкес медициналық қарап-тексеру жұмыстары ауруларды, оның ішінде кәсіптік ауруларды, улануларды, жазатайым оқиғаларды анықтауға және олардың таралуының алдын алуға, сондай-ақ жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігін және денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған уақтылы медициналық зерттеп-қарауды қамтамасыз ету үшін жүргізілетіндігі көрсетілген.
«Міндетті медициналық қарап-тексерулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ оларды жүргізу тәртібі мен мерзімділігін, зертханалық және функционалдық зерттеулердің көлемін, медициналық қарсы көрсетілімдерді, зиянды немесе қауіпті өндірістік факторлардың, жұмысқа орналасқан кезде орындау кезінде міндетті алдын ала медициналық қарап-тексерулер және мерзімдік міндетті медициналық қарап-тексерулер жүргізілетін кәсіптер мен жұмыстардың тізбесін және «Алдын ала міндетті медициналық қарап-тексерулерден өткізу» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы» Денсаулық сақтау министрінің м.а. 15.10.2020 ж. № ҚР ДСМ-131/2020 бұйрығына сәйкес, бастауыш, жалпы орта, кәсіптік, жоғары білім беретін оқу орындарының, мектептен тыс мекемелердің, компьютерлік клубтардың жұмыскерлері міндетті медициналық қарап-тексерулерге жататын адамдардың нысаналы топтарына жатқызылған. Мерзімді медициналық қарап-тексерулер әрбір 12 ай сайын өткізілуге тиіс. Сонымен қатар осы қағидалардың талаптарына сәйкес «Алдын ала міндетті медициналық қарап-тексеруден өту» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты Кодекстің 202-бабының негізінде ақылы түрінде көрсетіледі.
Өз кезегінде Еңбек кодексінің 182-бабының 2-тармағының 17-тармақшасына сәйкес жұмыс беруші келісімде, ұжымдық шартта, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, сондай-ақ еңбек жағдайлары өзгерген басқа жұмысқа ауыстырған не кәсіптік аурудың белгілері пайда болған кезде жұмыскерлерді міндетті, мерзімдік медициналық қарап-тексерулерден және ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өз қаражаты есебінен өткізуге міндетті.
Аудан аумағында орналасқан білім беру мекемелерімен жасалған ұжымдық еңбек шарттарын зерделеу барысында жұмыс берушілермен жұмыскерлердің тегін міндетті алдын ала және мерзімді медициналық тексеруден өтуі кезінде олардың жұмыс орындарын және орташа жалақыларын сақтауды қамтамасыз ету көзделген. Жұмыскерлердің міндетті медициналық тексеруден, оның ішінде педагогтардың жыл сайын тегін өтуін қамтамасыз етуге міндеттеме алған (ұжымдық еңбек шарттың 12 тарауы). Осыған қарамастан аудандық білім бөлімі тегін міндетті алдын ала және мерзімді медициналық тексеруден өткізу жөнінде мемлекеттік сатып алу жұмыстарын жүргізбеген. Соның салдарынан педагогтар медициналық қарап-тексерулерден өтуді өздері ақылы түрде жүргізген.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабының 2-тармағына сәйкес әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алуына жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар екендігі тайға таңба басқандай анық көрсетілген.
Алайда осыған қарамастан Қарасай ауданының білім бөлімі жоғарыда көрсетілген заң талаптарын орындамай, жұмыскерлердің міндетті медициналық куәландырудан өтуіне қаржы бөлуді қарастырмаған және тиісті медициналық ұйыммен келісімшарттар жасамаған. Осы немқұрайлылықтың салдарынан аудан аумағында орналасқан 52 орта білім беру мекемелеріндегі 5517 педагогтың конституциялық құқықтары өрескел бұзылған. Бұл заң бұзушылықтар аудандық білім бөлімі қызметкерлерінің заң талаптарын жетік білмеуі және өз қызметтік міндеттеріне немқұрайлы қарап салғырттық танытқандығынан, басшылық тарапынан ведомстволық бақылаудың төмен дәрежеде болуы салдарынан орын алып отырғандығы жасырын емес.
Аудан прокуратурасы осы тексерудің қорытындысымен Алматы облыстық Білім беру басқармасы басшысының атына заңдылықты бұзушылықты жойып, алдағы уақытта оны болдырмауда нақты іс-шаралар қабылдап, орын алған заң бұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғаларды тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін шешу туралы ұсыну келтірді.
Ұсынудың қаралу қорытындысымен Қарасай аудандық білім бөлімінің 10.06.2022 жылғы №108 бұйрығымен заң бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлға «сөгіс» түріндегі тәртіптік жазаға тартылды.
Қазіргі кезде Қарасай ауданы бойынша білім беру мекемелерінің аудан аумағындағы 5517 педагогтың конституциялық құқықтарын қалпына келтіру мақсатында медициналық ұйымдармен тиісті келісімшарт жасалуда.
Бауыржан КЕНЖЕБЕКҰЛЫ,
Қарасай ауданы прокуратурасының аға прокуроры.
Аудандағы 5517 педагогтың конституциялық құқықтары өрескел бұзылған
Home » Жаңалықтар » Заң және біз » Аудандағы 5517 педагогтың конституциялық құқықтары өрескел бұзылған