Ауданымызда орналасқан Жамбыл ауылдық округіне қарасты Қошмамбет ауылына жаңа мектеп салу мәселесі қарастырылуда. Бұл жайлы өткен аптада аталмыш ауылда өткен аудан әкімінің есептік жиынында айтылды.
Қошмамбет мектебінде өткен жиында ауыл тұрғындары аудан әкімінің есебін берген аудан әкімі аппаратының басшысы Илияс Қалиевтан жаңа мектеп тұрғызып беруді сұрады. Тұрғындардың айтуынша, мектептің тапшылығынан балалардың көбі көрші ауылдарға барып білім алуға мәжбүр. Өткен оқу жылынын өзінде әкімдікке 400-ден астам оқушыларды басқа ауылдардағы мектептерге тасымалдауға тура келген. Алдыңғы есептік жиындарда да осы мәселе талай рет көтеріліп, аудан басшысы округ әкіміне нысанды тұрғызатын жер іздеуді тапсырған болатын. Іздестірудің арқасында үш гектар жер табылған, алайда, құрылыс жұмыстары әлі басталмаған. Бұған Илияс Еділұлы қазіргі уақытта облыста жаңа нысанның жобалық-сметалық құжаттамасына қаражат бөлу бойынша шешім қабылданып жатқанын жеткізді.
Сонымен қатар, жиынға қатысушылар тарапынан ауыз су мәселесі де көтерілді. Тұрғындар бүгінде округте бар үш су ұңғымасына тағы бір ұңғыма жасап беруді өтінді. Аудан әкімі аппаратының басшысы бұл мәселе жақын арада шешілмейтіндігін айтты. Себебі облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қазіргі уақытта ауданымызға қарасты барлық қала, округ бойынша жерлерді тексеру жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте әкімдік ең алдымен тиісті мамандармен ақылдасып, жаңа ұңғыманы қоятын жерді тексеріп барып қана оны орнататын болады.
Мұнан бөлек кездесу барысында жол, жарық, мал жаятын жердің қажеттілігі сияқты бірқатар өзге де мәселелер көтеріліп, тұрғындар өздерін мазалаған сұрақтарын қойды. Мұнымен қоса ауылдық округке қажетті ұсыныстар мен атқарылуға тиіс мәселелер де сөз болды.
Жиын соңында қозғалған мәселелер мен қойылған сұрақтарға толығымен жауап берген Илияс Еділұлы айтылғанның бәрі де назарға алынып, алдағы уақытта жоспарға сай өз ретімен шешілетіндігін айтты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.