Парламент депутаттары демалысқа шыққанымен олардың өңірлердегі іссапарлары жалғасады. Алматы облысының бірқатар аудандарын аралауды мақсат еткен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанна Тельпекбаева осы аптада Қарасай ауданына арнайы келді.
Халық қалаулысы аптаның алғашқы күнінен бастап үш күн бойы аудан тұрғындарымен кездесіп, бірнеше нысандардың құрылыс барысын бағамдады. Алдымен мәжіліс депутаты Жанна Тілеубекқызы Алмалыбақ орта мектебінің 600 орындық жапсаржай құрылысымен танысты. Мердігер компанияның өкілімен тілдесіп, бұл жұмыстың уақытылы жүріп жатқанына көз жеткізді. Айтуларынша, құрылыс толығымен ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқталады.
Мәжілісменнің кезекті кездесуі аудандық Полиция басқармасында жалғасты. Халық қалаулысы мәжілістегі заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі болғандықтан, мұндағы ұжыммен Парламент қабырғасында көтерілген мәселелер мен заң жобаларын, құқық қорғау қызметіндегі түзетулерді сөз етті.
Сонымен қатар Жанна Тілеубекқызы «Amanat» партиясының Қарасай аудандық филиалында қоғамдық қабылдауға да уақыт бөлді. Тұрғындардың өтініштерін тыңдап, назарға алды. Атап айтқанда, Сауыншы ауылына газ өткізу, Долан орта мектебінің құрылысына қаражат бөлу мәселелері талқыланды. Бұл кездесуге жергілікті әкімдік өкілдері де қатысып, халықтың тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті жауабын берді.
Елордадан арнайы келген қонағымыз Исаев ауылындағы «Rich Valley» жылыжайына барып, осы кәсіптік ортада еңбек етіп жатқан қызметкерлермен кездесті. Олардың бір күндік жұмысымен танысып, ұжымның пікірі мен ұсыныстарына құлақ асты. Көбісі әлеуметтік мәселелерді алға тартып, ауыл арасындағы жол, көлік бойынша сауалдарын қойды. Халық қалаулысы Жанна Тельпекпаева әрбірін мұқият тыңдап, жауап бере білді. Естеріңізге сала кетейік, «Rich Valley» жылыжайы жыл бойы көкөністер өсіретін кәсіпорындардың бірі. Өнімдері ірі сауда желілерінде және дүкендерде сатылады.
Мәжіліс депутаты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан «Көкөзек» электр қосалқы стансасының жай-күйімен де танысты. Көпшілік күтіп отырған жоба болғандықтан, мердігер өкілімен тілдесіп, оның құрылысы жоспарға сай жүріп жатқынан хабардар болды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанна Тілеубекқызы осылайша іссапары кезінде Қарасай жеріндегі біраз мәселелерге көңіл аударды. Ауданның жетістігімен танысып, өзімен тілдескен жергілікті тұрғындардың өтінішін ескерді.
Өз тілшіміз.