Қазіргідей қаржылай дағдарыс пен коронавирус індетінің қайта өршу жағдайында аудан тұрғындарын сапалы әрі төмен бағадағы дәрі-дәрмектермен қамтудың қажеттілігі күн сайын біліне түсуде. Осы орайда кеше ғана ашылған «Садыхан» әлеуметтік дәріханасы қарасайлықтар үшін үлкен қуаныш болғанын айта кеткен жөн. Мұнда жанына шипа іздеген жандар өзіне қажеттісін алысқа бармай-ақ осы дәріханадан сатып ала алады. Оның өзгелерден ерекшелігі мұнда тұрғындар өздеріне қажетті дәрі-дәрмектерді мейлінше қолжетімді бағада алуға мүмкіндігі бар. Әлеуметтік жеңілдік барлық сатып алушыларға бірдей жүргізіледі.
Дәріхананың салтанатты ашылуына қала әкімі Асқар Мұқашев арнайы қатысып, дәріхана қызметкерлерін құттықтап, жаңа нысанның лентасын қиды. Онан кейін қала басшысы жаңа дәріхананың ішін аралап, оның жұмысымен жіті танысып шықты. Сонымен қатар, дәріхана басшылығына нысанның ішіне алғашқы көмек көрсету бөлмесін орналастыру жайлы ұсынысын айтып, олар осы ойды мақұлдаса барынша қолдау көрсететіндігін жеткізді.
Жалпы бүкіл Қазақстан бойынша бүгінде 103 филиалы жұмыс істейтін «Садыхан» әлеуметтік дәріханасының өзге қалаларда қажетті дәріні үйінде отырып-ақ тапсырыс беріп, оны жеткізу қызметі арқылы алдырып алатын интернет дүкендері де бар. Дәріхана басшылығы алдағы уақытта мұндай жобаны Қарасай ауданында іске асыру жоспарда бар екенін мәлімдеді.
– Біздің дәріханадағы дәрілердің барлығы тіркеуден өткен. Ал бағасы төмен. Біз тауардың бағасын халықтың қалтасына қарай жеңілдетіп қоямыз. Тіпті, арзан бағадағы тауарларымызды тұрғындар өзге де дәріханалармен салыстырып көрсе болады. Біз бұған кепілдік бере аламыз, – деді дәріхананың меңгерушісі Нұргүл Сағандықова.
Айта кетейік, «Nur.kz» ақпараттық сайтының жүргізген соңғы тексерістері бойынша сапалы әрі арзан дәрі-дәрмек сатудан «Садыхан» әлеуметтік дәріханасы біздің еліміз бойынша бүгінде бірінші орында тұр.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.