Осы аптада аудан әкімдігінде VII шақырылған Қарасай аудандық мәслихатының кезектен тыс XXI сессиясы өтті. Бірқатар мәселе қаралған бұл жиынға аудандық мәслихат депутаттарынан бөлек Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев пен оның орынбасарлары, бюджеттік мекемелер мен бөлімнің басшылары қатысты.
Сессияның күн тәртібінде мынадай жеті мәселе талқыланды. 1.Қарасай аудандық мәслихатының 2021 жылғы 28 желтоқсандығы №143 «Қарасай ауданының 2022-2024 жылдарға арналған бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы; 2.Қарасай ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен тәртібін айқындау туралы; 3.Қарасай ауданы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссиясының құрамына өзгерістер енгізу туралы; 4.Қарасай ауданы әкімдігі жанындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының құрамына өзгерістер енгізу туралы; 5.Қарасай ауданы әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссиясының құрамына өзгерістер енгізу туралы; 6.Қарасай ауданы Елтай ауылдық округі Көкөзек ауылының жаңа көшелеріне атау беру туралы; 7.Қарасай ауданының «Құрметті азаматы» атағын беру туралы.
Жоғарыда аталған мәселелердің алғашқысына қатысты Қарасай ауданының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Ноғайбаев баяндама оқып, сандарды келтіре түсінік берсе, күн тәртібіндегі екінші мәселе жөнінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Қыйлыбаева нақты ақпаратын жеткізді. Ал одан кейінгі үш мәселе аудандық мәслихат депутаттарының дауыс беруі арқылы шешім жобалары бірауыздан бекітілді.
Сонымен қатар бұл жиында Елтай ауылдық округіне қарасты Көкөзек ауылының жаңа көшелеріне атау беру туралы ұсыныс та талқыға салынды. Дәл осы елде мекенге қатысты ақпаратты Қарасай ауданы әкімінің аппарат басшысы Ілияс Қалиев сессия қатысушыларына мәлімдеді. Баяндама аяқталған соң деректер назарға алынып, депутаттардың дауыс беруімен мақұлданды.
Сессияның күн тәртібінде аудандық мәслихаттың депутаты Орынбай Жанәділге Қарасай ауданының «Құрметті азаматы» атағын беру туралы мәселе қаралып, оң шешімін тапты. Марапат иесін Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Ермекұлы құттықтап, төсбелгісін кеудесіне тақты. Сондай-ақ аудан басшысы жиын соңында сөз сөйлеп, мәслихат депутаттарының атқарып жатқан жұмыстарына алғыс білдіріп, алдағы істеріне сәттілік тіледі.
Өз тілшіміз.
Мәслихат сессиясында Қарасай ауданының «Құрметті азаматы» атағы табыс етілді
Home » Жаңалықтар » Мемлекеттік қызмет » Мәслихат сессиясында Қарасай ауданының «Құрметті азаматы» атағы табыс етілді