Бұл кісі өзін қатал, талапшыл басшылардың қатарына жатқызады. Алайда, онымен тілдесе қалсаңыз көңіліңіз бірден жадырап, езуіңізге еріксіз күлкі үйіріледі. Өзі талай жас өнерпаздың жарқын болашағына жақсы жол сілтеп жүргенімен, оны сахнада жиі көре бермейсіз. Өйткені, ол ауданның қандай қоғамдық-мәдени шарасы болса да мінсіз өтуі үшін әбігерге түсіп, үлкен жауапкершілікті арқалап сыртындағы қауырт дайындықтың ішінде жүреді. Ал ол өзіне жарасымды қоңыр дауысымен ән салса, көпшілік көңіліне орнығып, қошеметіне бөленеді. Асабалық өнері де жоқ емес. Салмақты ой, орынды әзілімен ортаны қыздырып, отырыстың сәнін арттырады, осылайша, талай отбасының, ел ағаларының қуанышына ортақтасып жүрген жайы бар. Ол ешқандай атақ-даңққа, мақтау-марапатқа қызықпайды, бірақ алған мамандығымен нәсібін тауып отырған кәсібінсіз өз өмірін елестете алмайды. Иә, ауданымыздың мәдениет саласын дамытуға үлкен үлес қосып, айтарлықтай еңбек сіңіріп жүрген жандар бар. Әсіресе, түрлі мәдени шараларда ауданның абыройын асқақтататын да осы өнер адамдары. Солардың бірі, өнер сан түрін бойына сіңірген талант иесі Қолқанат Ізмаханов жайлы Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай жазуды жөн санадық.
1973 жылы 16 мамырда Қызылорда өңірінің Қазалысында дүние есігін ашқан кейіпкеріміз «Атадан ұл туса игі, әке жолын қуса игі» дегендей, қара домбыраның құлағында ойнайтын шеберлігімен елге жақсы танылып жүрген күйші Қараманның ізін жалғап келеді. Алдымен домбыра мектебін, кейіннен, Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясының халық аспаптары факультетін тәмамдайды. Алғашқы еңбек жолын да осы меңгерген саласы бойынша бастап, өзінің көкейіне түйгенін өзгелердің бойына сіңіріп келеді. Сондай-ақ, анасы Жансұлудың да баян мен күйсандықты меңгерген мықты музыкант екенін де айта кеткен жөн.
Жалпы Қолқанат Қараманұлының өнерге мүлдем қатысы жоқ салаға да ден қойған кездері болған. Құрылыстың да қара жұмысын арқалап, жиһаз жасап, кәсіпкерлікпен де айналысқан. Бірақ,өзінің орнықты орнын, жан қалауын осы мәдениет саласынан ғана тапқан көрінеді. Еңбек жолын 1998 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеткеттік консерваторияны тәмамдаған соң, сол жоғарғы оқу орнынының оркестрінің негізгі құрамында қалған. Онда 2002 жылға дейін жемісті қызмет етіп, алғашқы тәжірибесін осы өнер ұжымында жүріп, жинаған. Ал 15 жыл бұрын Қарасай ауданына табан тіреп, қоғамдық өмірінің қым-қуыт тіршілігімен біте қайнасып кеткен. Әр жылдары Мәдениет қоғамдық орталығының мен Іргелі Мәдениет үйінің директоры, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту мен кәсіпкерлік бөлімдерінде бас маманы қызметтерін атқарған. 2015 жылдан бастап Ұмтылдағы Мәдениет үйін басқарып келеді. Өнер жолында 23 жыл еңбек атқарған қызметі еленіп, өткен жылы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері атанды. Одан бөлек жыл сайын кәсіби мерекесі қарсаңында облыс пен аудан әкімінің, Мәдениет басқармасының басшыларының атынан Құрмет громоталары мен Алғыс хаттарды да алып жүр.
Бұл кісі, сонымен қатар, төрт баланың ардақты әкесі, Қаскелең қалалық кітапханада жұмыс істейтін Ғазиза атты аяулы жарының арқасүйері, қорғаны. Ширек ғасырға жуық уақыттан бері бір шаңырақ астында тағдырларын біріктіріп, тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан жарасымды жұптың перзенттерінің алды белді бір мамандық иесі атанып та үлгерген. Атап айтқанда, тұңғыштары Алмат – экономист болса, екінші ұлы Асхат – қазіргі уақытта өте сұранысқа ие жоғары компьютерлік бағдарламашы болуға талпынып, жоғарғы оқу орнында білім алып жүр. Азаты мен отбасының еркесі де ерекшесі Арайлым – ата-анасының үлкен үміт артар көз қуанышы. Екі ұлын үйлендіріп, келін түсіріп, екі немереге ата болып отырған жайы бар. Қауырт жұмыстан қолы қалт етіп, үйге енгенде солардың тәтті қылықтарына қарап, шаршағанын ұмытатын қамқор әке, ардақты ата өзі бақытты жан екенін алға тарта әңгімелейді. Ең бастысы, заманымыз тыныш, елінің аман болғанын қалайды. Жақындарының тек жақсылығы мен қуанышына ортақтасу, балаларының үлкен жетістіктерін жан-жарымен бірге көру – оның бар арманы осы. Ал қалғаны әркімнің өз қолында, тек дұрыс әрекет, тіршілік ете білу керек деп түсінетін Қолқанат Қараманұлының өмірлік ұстанымы – «Адам боп келдім өмірге, адам боп өту тілегім, бәріңе соны тіледім…» дегенге саяды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.