25 мамырда Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің отырысы болып, онда бірқатар мәселелер қаралды. Басқосуды ашқан кеңес төрағасы Жанат Исағұлов белгіленген күн тәртібінде бірінші болып тұрған «2021 жылға ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері және 2022 жылға алға қойылған міндеттер» туралы алғашқы сөзді аудан әкімі Жандарбек Далабаевқа берді.
– Аудан Алматы облысы бойынша үнемі алдан көрініп келеді, – деді аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы. – Мәселен, біз өнеркәсіп өндірісі жөнінен бірінші орындамыз. Соңғы кездері «Хамле» компаниясының жабдықтары жаңарып, жаңғыртылды, өнеркәсіптік негіздегі жылыжайлар салынды, басқа да оңды, орнықты істер бар. Соның арқасында өңірде, қайталап айтсам, көш бастап отырмыз. Әлеуметтік мәселелерді алсақ, тұрғын үй салу жөнінен де жақсы келеміз, себебі, ол да адамдар үшін өзекті іс қой. Атап көрсетерім, бұл салада да тәртіп орнаттық. Яғни, бәрі де мұқтаж жандарға, отбасыларына әділеттілікпен, кезек бойынша берілуде. Жақында «Өмірзақ» ықшам ауданындағы бірқатар тұрғын үй пайдалануға беріледі. Тіпті, ол жерде жаңа мектептің құрылысы басталды. Ол жерге көп адам қоныстанған кезде мектеп те дайын тұруы тиіс! Тура «Асыл арман» кешеніндегі сияқты, қазір ол жерде де мектеп салынып жатқанын білесіздер.
– Жалпы, – деп өз сөзін жалғастырған аудан басшысы, – барлығы да алдын ала орнымен ойластырылып, жоспар-жобамен іске асырылуы тиіс. Мәселен, қазірдің өзінде біраз мектепке жер алып қойдық, өйткені, ертең ол қиын болуы мүмкін ғой. Барлығы да өз-өзінен шешіле салады ғой деген үстірт ойлаушылыққа жол беріп алатынымыз шындық. Бүгінде елді мекендерде жастар мен балалар алаңын салуды да жіті қолға алдық. Алдағы уақыттарда ауданда жаңа емхана ғимаратының құрылысы да жүргізілетін болады. Ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай жұмыстар бар. Әрине, басқа аймақтарға қарағанда егістік жеріміз аз, дегенмен, барының өзін тиімді пайдалануға күш салудамыз.
– Аудандағы өткір де өзекті мәселенің бірі ауыз суының жай-күйі, – деді Жандарбек Ермекұлы. – Онымен елді мекендерді қамту үшін бұрын жоба жасалған.
Аудан басшысы адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қатысты басқа да көптеген мәселелерге кеңінен тоқталып, бірқатар қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.
Жандарбек Ермекұлы, сонымен қатар сөзінің аяғында таяуда болатын Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруға арналған республикалық референдумның аса маңыздылығын атап айтып, оған қатысып, дауыс беру әркімнің де азаматтық парызы екенін әңгімеледі.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Айнабеков, Қоғамдық кеңес мүшелері Несіпбала Әбділдаева, Сағат Мәсімақынов, Қаныбек Айтжанов, Әмина Абдраманова, Бекжан Сүнбеков, Айжан Балажанова сөйлеп, өз ой-пікірлері мен ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Олардың барлығы да бұл бас қосудың ашық түрде өткенін, аудан басшысының өз қызметінде көптеген қордаланған мәселенің түйінін шешкенін, аймақта ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
Отырыста аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы Далабаевтың есебін назарға алу туралы шешім қабылданды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселелер – «Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының ауданның 2022 жылға бюджеттік бағдарламалар және басқа жоспарлардың орындалуы бойынша атқарған жұмыс нәтижелері туралы» аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жеңіс Ноғайбаев, «Аудандағы ауыл шаруашылығы саласы және жер қатынастарының жай-күйі, оларды тиімді пайдалану деңгейі, тұрғын үй салуға арналған жер телімдерінің жоспарланған деңгейі туралы» аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Сырым Жарқымбаев, «Бюджеттік бағдарламалардың және басқа жоспарлардың орындалуы бойынша атқарылған жұмыстар туралы» аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ғазиз Малдыбаевтың есебі тыңдалды. Қоғамдық кеңес мүшелері оларға да сұрақтарын қойып, істі жақсарту жайындағы ұсыныстарын айтты.
Мұнан кейін талқыланған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Отырысты Қоғамдық кеңестің төрағасы Жанат Исағұлов қорытындылады.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.