Ағымдағы жылдың 14-29 мамыры аралығында «Мәдениет және өнер қызметкерлері» күніне орай ауданда орналасқан Мәдениет үйлерінің ұйымдастыруымен «Мәдениетім – мерейім» атты мерекелік айлық акциясы өтуде.
Аталған шараның аясында аудан өнерпаздары Мәдениет үйінің алаңында аудан тұрғындары мен қонақтары үшін тегін концерттер қоятын болады. Өткен аптада алғашқылардың бірі болып «Үшқоңыр» этно-фольклорлық ұжымы мерекелік бағдарламасын қойып, көпшілік назарына ұсынды. Осы орайда алдымен өнерпаздар күйлерінің құдіреті де көрермендерді ерекше баурап алды. Сондай-ақ ансамбльдің дәстүрлі әншілер тобы да бірнеше әсем әнді әуелетіп, құлақ құрышын қандырды. Осылайша «Үшқоңыр» ансамблі майталмандарының әуелете салған әндері мен мың бұрала билеген биші қыздардың көрінісі «жақсы көңіл-күй сыйлайықшы» деген ерекше ықыластарын байқатты. Ал, одан кейін сахна төрінде құрылғанына бір айға жуық уақыт қана болған вокалды-инструменталды «Замандастар» ансамблі өнер көрсетті. Олар сағындырған ескі әуендерді еске түсіріп, Шәмшінің туындыларын, Ақан серінің «Ләйлім шырақ», Б.Дәуренбековтің әні мен сөзіне жазылған «Сарбаздар» әні және О.Газмановтың әні мен сөзіне жазылған «Офицеры» әндерін нақышына келтіре орындады. Халықтың сүйікті әндерін тек жанды дауыста орындайтын өнерпаздар өздеріне дейінгі сал-серілер дәстүрін жалғастыра түскендей, олар осы кеште де тыңдармандарының қошеметіне бөленді.
Ал 15 мамыр күні Шамалған ауылдық Мәдениет үйінің ұжымы концерт ұйымдастырды. Олардың дайындап келгендері де аз емес. Әсіресе, аталған Мәдениет үйінің ішінен құрылған ақ әжелер ансамблінің өнері көпшіліктің есінде қалды. Осындай тартымды концерттік бағдарламалар алдағы апталарда да болатынын еске саламыз. Атап айтқанда, 22 мамырда Ұмтыл, 28 мамырда Береке, 29 мамырда Іргелі сынды ауылдардағы Мәдениет үйлерінің өнерпаздары кешкі сағат 17:00-де аудандық орталық Мәдениет үйінің алаңында тегін концерттер қояды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.