Қазіргі уақытта мектептерде оқушылар мен мұғалімдердің зерттеушілік дағдыларын дамыту үшін көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Оның басты мақсаты оқушыларды өздігінен білім алуға ынталандыру, ізденіске баулу болып табылады. Мұндай жұмыстардың нәтижесінде оқушылардың білім мен біліктері артып келеді. Десе де мұғалімдердің бұл бағыттағы жіберіп жатқан кемшіліктері аз емес. Осыны түсіндіру мақсатында аптаның сәрсенбісі күні Алтын ауыл орта мектебінде аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Оқушылардың ғылыми жұмыстарын тиімді дайындау жолдары» тақырыбында семинар-конференция өтті. Мектеп мұғалімдеріне ғылыми тұрғыдан бағыт-бағдар беруге арналған жиынға Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің оқытушылары арнайы келді.
Семинарда көтерілген басты мәселе, аталған жоғарғы оқу орнының ғылым қызметкерлерінің жеке тәжірибелерінің нәтижесінде, яғни, соңғы уақытта білім саласында орын алған өзгерістер туралы болды. Басқосу барысында әрбір спикер сөз алып, ғылыми жұмыстарды жазудағы әдіс-тәсілдері жайлы толығырақ ақыл кеңестерімен бөлісті. Ең алғашқы болып сөйлеген Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ профессоры, инженерлік бейінді зертхана жетекшісі Азат Сейтхан балаға сырттай нұсқау беру емес, оның қызығушылығын іштен оятатындай жүйелі әдіс-тәсілдер қолдану керектігін түсіндірді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта басым бөлігінде мұғалімдердің ғылыми жұмыс жазу кезінде тәжірибелері жоқтығынан көп қателіктер жіберетіндіктерін тілге тиек етті.
– Кез келген мұғалім оқушыны ғылыми жұмысқа дайындамас бұрын, ғылыми жоба жазуға арналған әдістемелік нұсқаулықтарды, ережелерді көптеп оқығаны дұрыс. Әуелі ғылыми жұмыспен айналысу үшін оқушыны тани, түсіне білу керек. Ғылыми жұмыс дайындау бұл 1 күннің немесе 1 айдың жұмысы емес. Сондықтан мұғалім мен оқушы бірігіп жұмыс жоспарын дайындауы тиіс, – деді өз сөзінде Азат Сейітхан.
Ал, келесі мінбеге көтерілген спикер аталған университеттің техника ғылымдарының кандидаты, инженерлік бейінді зертхананың жетекші ғылыми қызметкері Сана Кабдрахманова оқушының өз бетімен жұмыс жасауы бейімдеудің алғышарттарымен бөлісті.
– Оқушыға ойда-жоқта келіп «сен мына ғылыми жұмыспен айналыс» десек, оқушының оған деген қызығушылығы да, талпынысы да төмен немесе мүлдем жоқ болады. Сондықтан да тақырыпты өздері таңдауға жұмылдыру қажет. Тақырыпты таңдағанда «Мені не қызықтырады?»- деген сұраққа жауап беру керек. Тек мұғалім оқушыға жоба жаза алатынын және жақсы идеялардың барлығы да жазу кезінде болатынын түсіндіріп, оқушының жазуға деген қызығушылығын арттырса сонда бала зерттеу жұмысын жазуға талпынады, – деген Сана Канатбекқызы ғылыми жұмысқа оқушыларды қалай дайындау керектігін толықтай түсіндірді.
Сонымен қатар, жиын барысында аталған жоғарғы оқу орнының инженерлік бейінді зертханасының ғылыми қызметкері, PhD. Нұрлан Бакранов, химия ғылымдарының кандидаты, инженерлік бейінді зертхана жетекшісінің орынбасары Гүлнұр Татыханова және Тұрысов атындағы Геология және мұнай газ институты Химиялық және биохимиялық инженерия қызметкері Ғайникамал Сиғуатова баяндама оқып, мол мәлімет берді. Спикерлердің сөзінен соң, мұғалімдер өздерін толғандырған сауалдар сұрақтарын қойды.
Сонымен қатар, Азат Сейітханұлы биылдан бастап оқушылар арасында өтетін халықаралық олимпиада және ғылыми жоба жеңімпаздарына және олардың мұғалімдеріне біржолғы сыйақы берілетінін жеткізді. Мысалы, алтын, күміс және қола медальдарға ие болған оқушылар 1 500 АЕК, 1 000 АЕК және 500 АЕК көлеміндегі қаржылай сыйлыққа ие болады. Ал олардың педагогтері оқушысы алтын алса, 150 АЕК, күміс алса, 100 АЕК және қола алса, 50 АЕК көлеміндегі сыйлыққа ие болатыны жайлы тың ақпаратпен бөлісті.
Иә, расымен оқушылардың ғылыми жұмыспен айналысуы, болашақта өз ойын барлық жерде еркін айтып, жаңа жетістіктерден көрінетін азаматтарға айналары сөзсіз. Ендеше мектепте оқушыны ізденушілікке баули отырып ғылым мен техниканың жетістігіне сәйкес армандарына жетуге, ғылымға жетелеу арқылы өздерінің қабілеттерін ашуларына алдыңғы кезекте мектеп мұғалімдерінің еңбегі зор екендігін ескерген жөн.
Бұрым ОРЫНБАСАР.