Республикалық референдумда Ата заң баптарының үштен бірі өзгереді және Конституция мүлде жаңа сипатқа ие болады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бейнеүндеуінде айтты. Мемлекет басшысының сөзіне сүйенсек, референдум өткізудің негізгі мақсаты саяси жүйені түбірімен өзгертуге бағытталып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне кең мүмкіндік беріліп отыр. Халықтың көп жылғы талап тілегін ескеріп, конституциялық реформа жасауды шешкен Президентіміздің бұл бастамасы өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнаулы жұмыс тобы құрылды. Оған белгілі құқықтанушы ғалымдар, тәжірибелі сарапшылар және құзырлы органдардың өкілдері кірген.
Конституциялық реформа мәселесі бойынша республикалық референдум өткізудің бірқатар оң тұстары бар. Біріншіден, бұл ішкі және халықаралық аудиторияның Жаңа Қазақстанда мемлекеттік өмірдің маңызды мәселелері бойынша шешімдер қоғамның кең ауқымды қатысуы мен қолдауы негізінде ғана қабылданатындығын көрсету. Екіншіден, халықты референдумда дауыс беру процесіне тарту оның азаматтық белсенділігі мен саяси қатысуын арттыруға ықпал ететін болады. Сонымен, алдағы конституциялық өзгерістер бойынша референдум өткізу Қазақстан азаматтарына мемлекеттік маңызы бар мәселелер бойынша ерік білдіру құқығын пайдалануға мүмкіндік береді. Кең мағынада конституциялық түзетулер үшін тікелей дауыс беру – азаматтардың Жаңа Қазақстанның құрылысына тікелей қатысуына жағдай жасайды. Мол өзгерістерден тұратын республикалық референдум ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлыққа қол кою негізінде 5 маусымда өтеді.
Жарқынай САДУОВА,
Қарасай аудандық жастар ресурстық орталығының маманы.