Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жолында прокуратураның атқаратын міндеті өте маңызды. Оның өкілеттігі адам тағдырына тікелей әсер етеді десек артық айтқандық емес.
Жалпы заң талаптарын қадағалаушы органның бүгінде атқарып жатқан қандай істерін білеміз? Осы және өзге де қоғамның талқылауында жүрген өзекті мәселені талқылау мақсатында жақында ғана тағайындалған Қарасай ауданының прокуроры Жәнібек Жақаевпен әңгімелестік. Көкейде жүрген сауалдарға жауап алып, алда атқарылатын істерді сөз еттік.
– Жәнібек Оразбекұлы, алдымен жаңа қызметіңіз құтты болсын деп айтқым келеді. Өзіңіз білетіндей, кез келген Қазақстан азаматының Конституциялық құқығы қорғалуы маңызды. Адамдардың негізсіз айыпталуын, қылмыстық жауапкершілікке тартылуын байқап жатамыз. Ал оны шешу жолында, яғни, қылмыстық іс бойынша жұмыс атқаратын процессуалдық прокурордың ықпалы қандай? Олардың тиімділігі бар ма? Процессуалдық прокурор арқылы қандай қылмыстық істер жиі қозғалады?
– Процессуалдық прокурор күрделі, резонансты және аса ауыр қылмыстық істер бойынша тағайындалып, соларға жауап береді. Сонымен қатар, ол қылмыстық істі тергеу барысында оның тіркелген сәтінен бастап, соңына дейін жүргізеді. Яғни, тиісті шешім шыққанға дейін қадағалайды. Бұл міндетті орындау үшін арнайы Қаулы шығарылып, бір прокурар заңды түрде бекітіледі.
– Ал Қарасай ауданында процессуалдық прокурор бар ма?
– Әрине, бар. Аса ауыр қылмыстық істердің санатына қатысты процессуалдық прокурор бізде тағайындалған. Былай қарағанда, оның айналысатын істері тергеуге қиындық туғызбайды. Яғни, оны тергеу органдарына көмектесуші деп айтсақ болады. Жұмысын жеңілдетуге, тиісті шешім шығаруға ықпал етеді. Сонымен қатар өзі тергеу амалдарына қатысып, оқиға орнын анықтап, айыпталушының жауап алу жұмыстарына қатыса алады. Процессуалдық прокурор кейіннен пайда болған институт. Бұрын бұл қылмыстық-процестік заңнамада болмаған. Қоғамның өзгерісіне, заңның талабына байланысты оның қажеттілігі туындады. Бір артықшылығы – қандай қылмыс болсын, тек бір адамның ғана жауапкершілігінде, мойнында болады.
– Жәнібек Оразбекұлы, Сіздің Алматы қаласындағы Алмалы мен Медеу аудандық прокуратураларында прокурор орынбасары болғаныңызды білеміз. Жалпы қызметтік бабыңызда сот шешімдерін қайта өзгерткен сәттерге куә болдыңыз ба?
– Тәжірибеде ондай болып тұрады. Соттың шығарған үкімдерімен келіспеген жағдайда прокурор тарапы аппеляциялық наразылығын білдіреді. Соның негізінде соттың үкімдері бұзылады. Әрине, бұл жерде барлығы заңның шеңберінде жүзеге асатынын айта кету керек. Сондықтан мұндай үрдіс біздің саламызда кездесіп тұрады.
– Қазіргі кезде көбісі алаяқтарға тап болып, зардап шегіп жатады. Олармен қандай күресу амалдары қарастырылған? Одан бөлек кәсіпкерлердің шағымдары қалай қарыстырылады? Оларға қолдау бар ма? Осыған тоқталып өтіңізші.
– Алаяқтық – бүгінгі таңда ең көп тіркелетін қылмыстың түрі. Мәселен, өз тәжірибеме сүйеніп, мына бір деректі айтқым келеді. Алматы қаласының өзінде соңғы уақытта көп қозғалған қылмыстың ішінен 70%-ы осы алаяқтыққа қатысты болды. Міне, осыдан-ақ оның қаншалықты өзекті мәселе екенін түсінуімізге болады. Алаяқтықпен айналысатындардың көбісі интернет жүйесі арқылы адамдарды арбайды. Мәселен, онлайн түрде несие рәсімдеу және olx.kz, krysha.kz сияқты платформалар арқылы үйлерді жалға беріп, тауар сатумен машықтанғандарды айтуға болады. Олармен күресудің жалғыз жолы – интернет жүйесін жақсы білетін, яғни, заманауи тілмен айтқанда хаккерлерді жалдау. Осындай мамандарды штаттық топқа бекітіп, солардың біліктілігіне жүгініп қана, алаяқтарға тосқауыл бола аламыз. Ал кәсіпкерлердің зардап шегуіне келер болсақ, жалпы біз арыз-шағым түсірушілерді кәсіпкер немесе кәсіпкер емес деп бөліп жарып қарамаймыз. Заң тұрғысында Қазақстан азаматының барлығы бірдей. Сондықтан белгілі топтың ғана ісін қараймыз деп айта алмаймын.
– Түсінікті, рахмет. Жәнібек Оразбекұлы, Қарасай ауданына келгеніңізге көп болмағанын білеміз. Десе де осы алаяқтық мәселесі бойынша алдыңызға келіп түскен істер бар ма?
– Дұрыс айтасыз. Бұл қызметке тағайындалғаныма бір апта болды. Алайда осы уақыттың көлемінде Қарасай ауданы бойынша алаяқтыққа қатысты үш қылмыс тіркелді. Барлығы да жоғарыда айтқан Olx.kz платформасымен байланысты. Яғни, тауар сатып алу арқылы адамдар алданып қалуда.
– Қарасай аудандық прокуратурасына хабарласу үшін Call-орталық нөмірі белгіленген бе? Мәселен, біз айтқан алаяқтыққа тап болғандар қалай көмек ала алады?
– Арнайы жедел желі нөмірі бекітілмеген. Дегенмен жауапты қызметкердің жеке телефонына хабарласуға болады. Ол 24 сағат бойы қосулы. Кез келген сәтте заң тұрғысында кеңес алуға болады. Халыққа қажет болу үшін нөмірін де айта аламын: 8-771-001-01-10. Жауапты қызметкер – Данияр Мухияев.
– Жәнібек Оразбекұлы, келесі сұрағым ескі қылмыстық істерді қайта қарауға қатысты болып тұр. Прокуратура саласында неше жылдық қылмыстық істі қайта қарауға мүмкіндік бар ма?
– Кез келген істі қайта жаңғыртуға болады. Тәжірибе барысында олар кездеседі. Мысалы, адам өлтіру қылмысы бойынша 20 жылдан кейін қайта қозғалуы мүмкін. Яғни, мұрағаттан осы іс қайта қаралып, тергеу амалдары басталады. Сондықтан 20-30 немесе одан көп жылдық қылмыстық істер қарала бередеі. Шектеу жоқ. Ең бастысы, оны қайта қозғау үшін негіз және дәлел болуы қажет. Біз тек шет мемлекетке кетіп қалған азаматтардың қылмыстық ісін жүргізе алмаймыз. Мұндай айыпталушылардың тергеу мерзімдері тоқтатылады.
– Өзіңіз білетіндей, елімізде алқабилер соты қарайтын істердің тізімі кеңейтіліп келеді. Жақында, тіпті, азаптау істерін де осы төрелік қарайтыны белгілі болды. Сіздің ойыңызша алқабилер сотының қандай артықшылықтары бар? Оның сот жүйесі үшін тиімді тұстары бар ма?
– Алқабилердің тізімін жергілікті атқарушы органдар бекітеді. Қылмыстық істің тез шешілуі үшін алқабилердің барлығы сол сот процесіне қатысуымен байланысты. Егер олардың біреуі сотқа қатыса алмай қалса, қаралатын істер кейінге қаралады. Сондықтан оның құрамындағы 9 адамның бәрі сот процесіне қатысуы тиіс. Тағы бір айта кетерлігі, алқабилер сотындағы адамдар арнайы таңдалынып алынады. Оларды бекітпес бұрын өткен өмірі, жұмысы сараланады. Бір тиімді тұсы – жазаланушының тағдырын судья емес, алқабилер шешеді. Яғни, сот шешімі алқабилердің дауыс беруіне қатысты.
– Жәнібек Оразбекұлы, Президент айтқандай, қазіргі уақытта Жаңа Қазақстанды құру жолында нақты істер атқаруымыз керек. Өзіңіздің ықпалыңызбен Қарасай аудандық прокурорында қандай жаңалықтар бар?
– Қоғам өзгеруімен қатар талаптың да басқаша болатынын мойындағанымыз жөн. Заманның ағынымен қатып қалған қағиданы бұзуымыз керек. Міне, осы бағытта жұмыс ақтарып жатқан жайымыз бар. Қарасай аудандық прокурорының Facebook желісінде жеке парақшасын ашып, халықпен байланыс орнатсақ деп отырмыз. Сонымен қатар Қарасай аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында маманымыз отыратын болады. Жұмыс кестесіне сай ол аптасына бір рет тұрғындарға заң аясында кеңес беріп, мәселесін бір жақты кешуге ықпал етеді. Осы бағыт бойынша қазір дайындық шаралары басталды. Алдағы уақытта жүзеге асырамыз.
Сұхбаттасқан Дидар МӘЛІКҰЛЫ.