Бұрынғы уақытта малдарды таңбалаудың түрлі тәсілдері қолданылған. Мәселен, қарғыбау тағу, бояу жағу, сырға салу сияқты малдарды ажырату әдістерін айтуға болады. Алайда заман талабымен бұлардың кемшіліктері байқалып, XXI ғасырдың соңында чиптеу тәсілі пайда болды.
Микрочиптердi енгiзу технологиясы қазiргi таңда бүкiл әлем бойынша жануарларды сәйкестендiрудiң ең тиiмдi әдiсi деп танылуда. Чиппен белгілеуді әртүрлі жастағы ұрғашы, еркек малға, жаңа туған төлге, ересек малға, дене массасына, жыл мезгіліне қарамастан, кез келген уақытта барлық малға қолдануға болады. Бұл тәсіл өте қарапайым түрде және ауырсынуды білдіртпей жасалынады. Анестезияны қажет етпейді, күрделілігі жануарларға екпе салғанмен бірдей.
Чиптеу бағдарламасы биыл да еліміздің барлық өңірінде жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Алайда статистика бойынша әр аймақтағы жануарлар санына сәйкес чип саны берілетінін айта кеткен жөн. Қарасай ауданында көбінесе жылқыларды чиптеу басты назарға алынған. Мәселен, өткен жылы дәл осы жануар үшін 1000 чип берілді. Оның 980-і ауылдық округтерге таратылып, барлығы қолданылды.
Қарасай аудандық ветеринариялық станцияның мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы тек жылқы малы үшін 3000 чипқа сұраныс берілген. Егер тұрғындарға осы жануарларды бірдейлендіру мақсатында чиптер қажет болса, Қарасай ауданының ауылдық округтерінің ветеринариялық пункт меңгерушілеріне хабарласып, өтініш білдіре алады. Басқа да сұрақтар туындап, қажетті ақпарат алу керек болса аптаның жұмыс күндері аудандық ветеринариялық станицияның 8-(727)-300-14-10 телефон нөміріне хабарласуға болады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.