Жайма шуақ көктемнің алғашқы айы Наурызда қазақ халқы бірқатар ырыс пен береке алып келетін атаулы мейрамдарды тойлайды. Сондай мерекенің бірі – қазақ халқының көнеден Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамының мерейлі бастауы ретінде тойлап келе жатқан – Көрісу күні. Бұл күнде халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. Адамдар өзара бұрынғы өкпе-реніштерін кешіріп, бір-біріне амандық-саулық тілейді. Осы бір берекелі де мерекелі мейрамды ауданымыздың орталық Мәдениет үйінің өнерпаздары көтеріңкі көңіл-күйде атап өтті.
Нақтырақ айтқанда, дүйсенбі күні мерекеге орай орталық Мәдениет үйінің ғимаратының алаңында «Бауырсақ Party» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды.
Мейірім мен жылулық ұялаған шарада алаңға жиналған аудан жұртшылығы ұлыстың ұлы күні жасалатын қасиетті ас – наурыз көжеден, мереке кезінде әр қазақтың дастарханында міндетті түрде тұратын ыстық бауырсақтан дәм татып, ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған жарыстарға қатысып, көрігі қызған думанды тамашалап мәз-мейрам болды.
Шараға қатысушыларға Амал күнінің түп мағынасын көрсету мақсатында «Жастар» театрының әртістері керемет сахналық қойылым көрсетті. Ал әдемі, түрлі-түсті ұлттық киімдер киген ауданның үлкен-кіші өнерпаздары қазақ халқының билерін билеп, әндерін шырқап, тамаша көңіл-күй сыйлады.
Осылайша, бұл күні ауданымыздың өнерпаздарының ұйымдастыруымен және аудандық №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ат салысуымен Қарасай жұрты ауа райының салқын болғанына қарамастан, Көрісу күнін ерекше көтеріңкі көңіл-күйде атап өтті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.