Шамалған ауылдық округі жылдан жылға керегесін кеңге жайып, қарышты қарқынмен дамып келе жатқан округ болғанымен мұнда да әлі күнге дейін шешілмей жатқан бірқатар мәселе бар. Осы аптаның дүйсенбісі күні аудан әкімі Жандарбек Далабаев округ тұрғындарымен өткізген есептік кездесуінде соларға тереңірек тоқталып, оларды шешу үшін істелген және де алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жайлы айтып өтті.
Газ бағасының мәселесін шешуге бір ай уақыт берілді
Кездесу кезінде тұрғындардың барлығы дерлік аудандағы басқа округтер мен Қаскелең қаласын газбен қамтамасыз етіп отырған өзге компаниялар газдың 1 текше метріне 30 теңге алатын болса, Шамалғандағы «Сигма» ЖШС 35 теңге алатындығын айтты. Бұған қоса оны үйге қостыру үшін көбінің қалтасы көтере алмайтын 400-500 мыңнан астам ақша қажет етілетіндігін жеткізді.
Жандарбек Ермекұлы бұл мәселе таяуда ғана облыста өткен жиында көтеріліп, облыс әкімі «Сигма» ЖШС-нің басшылығына бір ай уақыт беріп, осы мерзімде бағаны төмендетіп, екі жаққа да қолайлы шешім табуды тапсырғанын айтты.
Жиынға қатысқан аталмыш компанияның өкілі, бас инженері қазіргі газдың тарифы антимонополиялық комитеттің растаған бағасына сай екендігін тілге тиек етіп, компания өз тарапынан ешқандай құқық бұзушылықтар жасап отырмағандығын түсіндірді.
Бұл мәселенің шешімі бірінші тоқсанның аяғында өтетін жиында айтылатын болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.