Қаскелең қаласының тұрғындары үшін жақсы жаңалық. Көктемнің алғашқы күнінен бастап, қоғамдық көліктер эксперимент ретінде іске қосылды.
Осыған дейін хабардар еткеніміздей, қалалықтардың өтініші бойынша 1 наурыздан бастап сынақ ретінде жолаушыларды тасымалдайтын автобустар өз жұмысын бастады. Әзірге «Қаскелең автобус паркі» ЖШС-нің иелігіндегі алты маршрут қала ішінің ең негізгі көшелерінің бойында жүретін болады. Оның ішіндегі №1 бағытындағы төрт қоғамдық көлік қала әкімі Асқар Мұқашевтің тікелей қолдауымен балаларды тегін түрде тасымалдайды. Ол сабақ кестесімен байланысты емес. Яғни, оқушылардың қыстық, жаздық демалысы кезінде де үздіксіз қызмет көрсетеді.
Ал, эксперимент ретінде жұмысын бастаған №4 бағытымен жүретін қалған екі автобус белгілі бір уақытқа дейін жергілікті халыққа арналған. Олардың жұмыс кестесі – сғат 06:00-ден 19:00 аралығында. «Қаскелең автобус паркі» ЖШС-нің бас бригадирі Аркен Нұрлыбаевтың айтуынша, бұл қоғамдық көліктер шығындарын толық ақтап жатса, алдағы уақытта олардың саны артуы мүмкін.
– Қоғамдық көліктердің барлығы осы біздің автопарктен шығады. Бағалары сол бұрынғы қалпында. Нақты айтқанда, жолаушыларға белігіленген тариф бойынша 70 теңге. Егер оқушылар осы №4 бағыттағы маршруттарға отыратын болса, жарты бағасын, яғни, 35 теңге төлейді. Дегенмен олар үшін №1 бағытта тегін тасымалдайтын шағын автобустар жүретінін тағы айтқым келеді, – деді автоапарктің бас бригадирі А.Нұрлыбаев. Одан бөлек ол эксперимент ретінде іске қосылған екі маршрут бір апта немесе 10 күннің ішінде ғана жүретінін түсіндірді. Келтірілген шығынына байланысты оның келешекте қызметін жалғастыруы белгілі болады.
Естеріңізге сала кетейік, қоғамдық көліктердің сынақ ретінде жұмысын бастауы ҚР Мәжіліс депутаты Данияр Әлімбаевтың жеке ұсынысы негізінде қолға алынған болатын. Сонымен қатар, халық қалаулысының тікелей назарында ауданға қатысты маршруттардың жұмысы бар екенін айта кетейік. Ол өз сөзінде қоғамдық көліктердің санының артуына, олардың сапасына қатысты мәселені бақылауында ұстайтынын айтқан.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.