Қарттар үйі… Атауы қатал болғанымен, бұл ата-әжелердің аялы алақаны мен ақ батасы бар жер. Алайда, бұл орта мұңды көздерге, сарғайған сағынышқа, ұқсас тағдырларға, өзекті өртер өкінішке толы. Сондықтан, еріксіз аяқ бастыратын үйді қатты жүректі жібітетін, ұйықтап жатқан мейірім мен адамгершілікті оятатын мекен десек айтқандық емес. Бірақ сондай орындардың қоғамда бары ащы болса да шындық… Дегенмен олардан балалары алыстап кетсе де, жергілікті атқарушы органдар қарттарға назар салып, көмектерін аямай, қол ұшын созуда. Өйткені үлкенге құрмет көрсету – біздің халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрі. Оған дәлел ретінде, осы аптаның сәрсенбісі күні Қаскелең қаласындағы «Нұр Отау» жеке пансионатында Алғыс күні аясындағы кездесуді айтуға болады.
Аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған бұл мерекелік іс-шараға Қаскелең мәдениет колледжі директорының орынбасары, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, белгілі композитор Болат Әшірбаев бастаған колледждің студенттері және қарттар үйінің ардагерлері қатысты.
Жалпы, бұл басқосуда тағдыр тәлкегін көріп отырған ата-апаларымызды ұйымдастырушылар көңілдерін көтере отырып, арнайы мерекелерімен құттықтап, аталған колледждің талантты өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаларын қойды. Сонымен қатар, жас әншілер қарияларға 80–90-шы жылдардың тамаша әндерін сыйлап, жастық шақтарын естеріне түсірді. Ал, іс-шара барысында сөз алған аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Балажанова қазіргі таңда мемлекетімізде қарттарға үкімет тарапынан үлкен мән беріліп, көңіл аударылып, жан-жақты қамқорлық жасалып жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбіт те тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыз екенін де сөз етіп, саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан ата-апаларымызды келе жатқан мерекемен құттықтады. Қарттарға арналған осындай игі бастамаға қолдау білдірген Қаскелең Мәдениет колледжінің директоры Саят Ақбасовқа да алғысын білдірді.
Сондай-ақ, жиналғандар керемет кештің өтуіне себепкер болған ұйымдастырушыларға шексіз алғыстарын білдіріп, өз кезегінде ардагерлер де мереке қарсаңында ұмытпай, құттықтап келген жастарға ризашылықтарын ақ баталарымен жеткізді. Ортамызда жүрген қарияларымыздың бір кезде елі, халқы, келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері ерекше орын алады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.