Бүгінде медицина саласы дамып, үлкен жетістіктерге жеткенімен әлемді әбігерге салған ЖИТС-ке қарсы нақты ем табылмаған. Тіпті, дәрігерлер мен ғылымдар көптеген зерттеулер арқылы вирустың көбеюіне жол бермейтін тәсіл тапқанымен, түбегейлі жоя алмауда. Түптеп келгенде, бүгінде ғасыр індетін жеңу жолы ол саналы ұрпақ тәрбиелеу. Сондықтан жастарды ЖИТС-тен аулақ болуға шақыруға, есірткі, темекі, арақ секілді зиянды заттарды тұтынудан бас тартуға арналып ұйымдастырылып жатқан шаралардың маңызы зор.
Осындай шараның бірі өткен аптаның бейсенбісі күні, аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен орталық кітапханада өтті. ШЖҚ «ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Алматы облыстық орталығы» мен ауданаралық көпсалалы аурухананың мамандары қатысқан жиында негізгі үш мәселе қаралды. Нақтырақ айтқанда, отырыста жастарға аталған вирус жайлы мол мәлімет беріліп, оның қаупі мен сақтану жолдары айтылды. Сондай-ақ, көптеген қауіпті ауруларға әкелетін есірткі, темекі, ішімдік секілді заттардың зияндылығы туралы кеңінен ақпарат берілді.
Жастар арасындағы жаман әдеттерді алдын алуға бағытталған басқосу барысында бірінші мәселе бойынша ШЖҚ «ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Алматы облыстық орталығының» бөлім меңгерушісі Гүлмира Жақанова баяндама оқып, «ХХІ ғасыр обасы» деп аталған індеттің қаупі жайлы кеңірек айтып өтті.
– 2021 жылдың 12 айында 332 жаңа АИТВ жағдайы тіркелді, 100 мың халыққа шаққанда 15,3 % құрайды. 2020 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 56 жағдайға өскен. Көрсеткіштің өскені өте қиын жағдай, себебі, ЖИТС вирусы АИТВ-жұқпаның ең соңғы сатысы, ол 2-15 жылдан кейін дамиды. Ең қорқыныштысы бұл ауруды жұқтырған адамдарды емдейтін дәрі-дәрмек әлі күнге дейін табылмаған. Тіпті, жақын арада оған қолданатын вакцина мен дәрілерді шығару мүмкіндігі белгісіз. Ол вирус иммунитет жүйесін зақымдап, басқа жұқпалы аурулардың бас көтеруіне жағдай жасайды. Мұның бәрі соңында науқастың өліміне алып келеді. Осы уақытқа дейін бұл аурудан түгелдей емделіп шыққан адам жоқ, – деді Гүлмира Жақанова.
Сонымен қатар, ол инфекцияның парентеральды, жыныстық және вертикальды үш жұқтыру жолдарын кеңінен баяндап, одан қалай сақтану керектігін түсіндірді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – Жастар денсаулық орталығының жұмыстарын жүйелендіру бойынша аталған орталықтың менеджері, валеолог дәрігері Дана Таждинова мәлімет берді. Маманның айтуынша, 2019 жылы ашылған орталықта гинеколог, уролог, психолог,дерматолог секілді бейінді мамандардың қызметі қарастырылған. Бүгінде мұнда 10-29 жас аралығындағы 75632 адам тіркелген. Орталыққа келушілерге медициналық, клинико-диагностикалық, ақпараттық және онлайн, офлайн түрде психологиялық көмек көрсетіледі. Бұдан бөлек жасөспірімдер мен жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында көптеген орталықтан тыс жиындар, кездесулер өткізіліп отыратындығын жеткізді.
Үшінші мәселе туралы аудандық көпсалалы ауруханасының нарколог дәрігері Айша Ақшалова баяндап, бүгінде жастардың арасында жиі тарап кеткен «вейп»-тің қауіптілігі жайлы толығырақ ақпарат берді. Вейп – аккумулятор және буландырғыштан тұратын электронды сигареттің бір түрі. Шылымқорлар бұл аппаратты денсаулыққа ешқандай қаупі жоқ деп есептегенімен, жақында АҚШ-та алғашқы вейпердің өлімі тіркелді. Содан кейін тағы вейп-қолданушы төрт адам ажал құшты. Бірнешеуі белгісіз аурудың кесірінен аурухана төсегінен бір-ақ шыққан. Нарколог дәрігердің айтуынша, электронды темекіні пайдалану кезінде адамдар көбінде өкпенің зақымдалуына тап болады. Сондай-ақ, бұл өнімдердегі химиялық заттар, ауыр металдар мен никотин жасөспірімдердің денесін біртіндеп уландырады, өкпеге, бауырға, бүйрекке және асқазанға әсер етеді, балалардың жүйке жүйесіне теріс әсер етеді.
Жиынға арнайы шақырылған мамандар жоғарыда аталған мәселелерге жеке-жеке тоқталып, зиянды әдеттердің келеңсіз салдарларын білуі және өз денсаулығын сақтауы үшін қолда бар барлық ресурстарды қосу қажет екендігін жеткізді.
Бұған қоса, мамандар басқосу соңында жастарға дәрігерлік кеңестерін беріп, қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.