Әлемнің назарын аударып, талайлардың жүрегіне жара салған Ауған соғысының аяқталғанына биыл 33 жыл болды. Бірақ, арада көп жылдар өтсе де, сол соғыс елі үшін от кешкендердің есімі ешқашанда ұмытылмақ емес. Осы ретте ұрпаққа ерліктерін өз істерімен дәлелдеп, патриоттық тәрбиесін берік орнатып кеткен соғыс құрбандарын еске алу жыл сайын қайталанып келеді. Биыл да ақпан айының 15-сі күні, Қаскелең қаласында орналасқан жауынгер-интернационалистер мемориалы алаңында гүл шоғын қою рәсімі өтті. Оған қала әкімі Асқар Мұқашев, қанды майданда ерліктің ерен үлгісін көрсеткен ардагерлер, соғыстан оралмаған жерлестеріміздің туған-туыстары мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Жауынгер-интернационалистер мемориалына жиналғандар ең алдымен Ауған соғысында ерлікпен қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, олардың құрметіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Одан кейін қала әкімі сөз алып, Қазақстаннан аттанған жауынгерлердің ерліктерін еске алып, олардың интернационалдық борыштарын абыроймен атқарғанын айтып өтті.
– 10 жылға созылған соғыстың аяқталғанына 33 жыл толғанымен, сол бір зұлмат жылдардың қайғы-қасіреті әлі де болса көптің көкейінде. Себебі, талай отбасын қан жылатқан сол соғыста біреу ұлынан, енді біреу асыл жарынан, ал, біреулер әкелерінен айырылды. Сондықтан қыршын кеткен боздақтардың ерліктеріне тағзым етіп, құрмет көрсету – біздің міндетіміз, – деді Асқар Өкенұлы.
Қала басшысынан кейін аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, майор Бекмырза Жүсіп пен ауған соғысының ардагері, полковник Мәлік Қалиев Ауған соғысының тарих қатпарында ерекше оқиға ретінде сақталып, қанды шайқаста батылдықтың өшпес өнегесін көрсеткен жауынгерлердің ерліктері әрқашанда үлкен үлгі болып қалатындығын тілге тиек етіп, бүгінгі жастар ондай қанды оқиғаны тек тарихтан ғана оқысын деген тілектерін білдірді.
Айта кетейік, Ауған соғысына ауданымыздан 373 қарасайлық қатысқан. Оның ішінен 14 азамат туған еліне қайта оралмай, сұрапыл соғыстың құрбаны болды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.