«Қасіретті қаңтар» жөнінде көпшілікті дүрліктірген қарама-қайшылықты пікірлер бұқаралық ақпарат көздерінде көптеп таралып кеткен еді. 29 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар» және «Хабар 24» арнасының журналисіне берген сұхбатында нақты жағдай қалай болғаны және кейбір мәселелерге қатысты сұрақтарға берген нақты жауаптарынан хабардар болдық. «Қаралы қаңтар» оқиғасында мемлекеттік қауіпсіздікті және елдің тұрақтылығын сақтау мақсатында бар жауапкершілікті сезіне отырып, шұғыл шешімдер қабылдау қажет болғанын айтты. Сонымен қатар көпшіліктің көкейінде жүрген түйткілді мәселелердің шешімін нақтылап, қазіргі жағдайда қоғамда саяси, экономикалық, әлеуметтік салаларда, құқықтық және ұлттық қауіпсіздік жүйесінде түбегейлі қоғамдық өзгерістер қажеттілігі айқындалды. Сұхбат барысында «Қазақстан халқына» атты қоғамдық қордың жұмысы әлеуметтік, денсаулық, білім салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталатыны айтылды. Қор қоғамды біріктірудің тағы бір құралына айналып, азаматтарда әлеуметтік әділдік сезімін күшейтетініне сенімдімін.
Жастардың білім сапасын арттыру, қазіргі өмірлік жағдай талаптарына сәйкес құндылықтық жүйесін қалыптастыру жолдары сараланды. Олардың қалаулары мен қабілеттіліктеріне қарай техникалық, заманауи білімдерді игеруге көршілес Ресей елінің озық жоғары оқу орындарында оқуларына жағдайлар жасау өте дұрыс шешім деп есептеймін. Қолымызда бар кадрлық адами ресурстарды тиімді пайдалана білу қажеттілігі де өте дұрыс айтылған пікір. Жастар саясаты мен тәрбиесінде науқаншылдыққа, тиімділігі төмен шараларды ұйымдастыруға жол бермеу керек. Сондықтан кез келген шараны ғылыми негізге сүйеніп, жүйелі түрде жүзеге асырғанымыз жөн. Жастардың алға қойған мақсат-мүдделерін білу үшін науқаншылдық емес, нақты зерттеулер қажет. Жүйелі әрі кешенді әлеуметтік зерттеу жүргізу арқылы жастардың мұң-мұқтажын, мақсат-мүдделерін анықтап, жастар саясатын сол қажеттіліктерге жауап беретін деңгейде ұйымдастыру маңызды.
Қазіргі уақытта еліміздің әрбір азаматы, жастар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көтеріп отырған бастамаларына қолдау көрсетіп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуға зор мүмкіндіктер ашылғаны айқын. Жастарға елдің болашағына сенім білдіру, айқын мақсаттар қоя білу, әлеуметтік өркениетті қоғам қалыптастыруға нақты шешімдер қабылдап, іспен дәлелдеудің уақыты келді деп ойлаймын.
Балнұр Шегебаева,
«Nur Otan» партиясы Қарасай аудандық
филиалының консультанты.