Биылғы жылдың басы тарих беттерінде қалатыны сөзсіз. «Қаңтар қасіреті» елдің мазасын қашырып, тәуелсіздіктің, тыныштықтың, алаңсыз өмірдің қаншалықты қымбат екенін ұқтырғандай.
Елдегі дүмпудің басы Маңғыстау өлкесіндегі газ бағасының екі есе қымбаттауына байланысты бейбіт шерумен басталғаны белгілі. Кейін батыстықтардың бастамасын республикамыздың бірнеше өңірінің халқы қолдап, наразылықтарын білдірді. Алайда, бүлікшіл топтың арам пиғылының арқасында жаппай тәртіпсіздік орнап, оның соңы қанды оқиғаға ұласты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқыс оқиға басталған сәтте бірден шұғыл шешім шығарып, сол кездегі Премьер-министр Асқар Маминнен бастап бүкіл Үкіметті отставкаға жіберді. Десек те, елді елең еткізген ереуілшілердің әрекеттері басылмады. Әсіресе, Алматы қаласы дүр сілкініп, бір-ақ күнде ойрандалды десек артық айтқандық емес.
Көңілді қажытқан тосын жайттарға байланысты Президенттің пәрменімен елде төтенше жағдай жарияланып, Қасым-Жомарт Кемелұлының саналы шешімінің арқасында тәртіпсіздік тиылды. Ахуал тұрақталып, Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің биылғы жылдағы алғашқы отырысына қатысып, Қазақстан халқына ерекше Үндеу жариялады. Онда ол Үкіметке нақты міндеттер жүктеп, қазақстандықтардың жағдайын жақсартуға қатысты ұсынысын білдірді.
Әдетте, қаңтар аязымен қаһарлы болушы еді. Биылғы жылдың алғашқы айы жан түршігерлік тұрпатымен сұсты көрінді. Осы бір дүрбелең Үкімет құрамының қайта жасақталуына және басқа да ауыс-түйістерге себепші болды. Кейбір лауазымды тұлғалар орын алған жайттарға өздерін кінәлі санап қызметтерінен кетіп жатса, енді бірі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей өкімімен мамық орындықтарын босатуға мәжбүр болды. Бәрінің де себептері, тағылар айыптары бар. Ендеше соңғы жайтты назарға алып, қызметімен қоштасқан кейбір басшыларға шолу жасауды жөн санадық.
ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметін атқарған Кәрім Мәсімовтың жұмысынан кетуі көпшілікті таңқалдырған жаңалықтардың бірі болды. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен төраға лауазымынан босатылды. Кейін оған «мемлекетке сатқындық жасады» деген айыппен ҚР Қылмыстық кодекстің 175-бабы, 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы ҰҚК-нің ресми сайты хабарлады. Кәрім Қажымқанұлымен аталған қылмысты жасады деген күдікпен осы комитеттің басқа да тұлғалары уақытқа ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық Кодексте мемлекетке сатқындық жасаған адам 15 жылға дейін сотталып, Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылады. Тағы бір айта кетерлігі, Кәрім Мәсімовпен бірге оның орынбасарлары болған А.Садықұлов пен Д.Ерғожин «мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен ұсталды.
Қаңтардың 5-і күні Асқар Ұзақбайұлы Мамин қызметтен босату жөнінде өтініш берген. Бұл жөнінде Президент әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңес барысында айтты. Конституцияға сәйкес Премьер-министрдің қызметтен кетуі бүкіл Үкіметтің өкілеттігі тоқтағанын білдіреді. Журналист Михаил Кочачковтың Telegram арнасындағы жазбасына сүйенсек, бүгінгі таңда бұрынғы Үкімет басшысы үй қамақта. Қазіргі уақытта Асқар Маминге оның сыныптасы, ҚР ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке тағылған айыптың қатысы бар-жоқтығы анықталуда. Айта кету керек, А.Мамин мен К.Мәсімов 1972 жылы Целиноград (қазіргі астана) қаласындағы №1 Киров атындағы элиталық мектепке 1-сыныпқа барған.
Биліктегілер жылы орнынан айырылып жатқанда ұлттық компаниялардың басшылары төрағалықтан кетіп жатты. 15 қаңтар күні «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен Қайрат Қаматайұлы Шәріпбаев берген өтінішіне сәйкес, «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма Төрағалығынан босатылды.
Сонымен қатар, еліміздегі алып өндіріс орындарының бірі болып табылатын «ҚазТрансОйл» АҚ-ның Бас директоры болған Димаш Досановтың өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Ол бұл лауазымға 2016 жылдың тамыз айында тағайындалған.
Бизнестің мүддесі мен құқығын қорғаумен айналысатын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағалық қызметінен Тимур Құлыбаев кетті. Бұл лауазымды ол 8 жыл басқарған. Оның басшылықтан бас тартуы жөніндегі үндеуі «Атамекен» ҰКП ресми сайтында жария болды. Тимур Асқарұлы өзінің мәлімдемесінде әріптестеріне алғыс білдіріп, отандық кәсіпкерліктің дамуына деген тілегін білдірген. 55 жастағы Тимур Құлыбаевтың бұл лауазымынан бөлек өзге де қызметтері бар екенін айта кету керек. Яғни, ол әлі «KAZENERGY» мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының жетекшісі, ресейлік «Газпром» компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі әрі Қазақстан ұлттық олимпиада комитетін, Қазақстан бокс федерациясын басқарады.
ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетіндегі лауазымды тұлғалардың орнынан кетуі Самат Сатыбалдыұлы Әбішке де қатысты болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен С.Әбіш ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының бірінші орынбасары лауазымынан босатылды. Ол бұл қызметті 2015 жылдың желтоқсан айынан бері атқарып келген.
Осы аптада Қорғаныс министрлігінде кезекті ауыс-түйіс орын алды. Алдымен Президенттің Жарлығымен ҚР Қорғаныс министрі Мұрат Кәрібайұлы Бектанов қызметімен қош айтысты. Оның бұл міндеттен шеттетілуі Қаңтар оқиғасы кезінде командирлік қабілетін көрсете алмауы себеп болған. Бұл жөнінде ҚР Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен өткізген кеңесте нақты айтты. Министр Мұрат Бектановтан кейін күні кеше оның орынбасары Дарын Шылбынұлы Тұяқов та орнын босатты.
Газ бағасының көтерілуіне байланысты ҚР Энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаев жылы орнын босатуға мәжбүр болды. Жақында шенеуніктің ұсталғаны анықталды. Оған қатысты сот қаулысымен тергеу органы сайлаған және облыс прокуратурасы қолдаған екі ай мерзімге «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Тергеу әлі жалғасуда.
Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімов ұсталғаннан кейін оған қатысы бар жақындары да назарға ілікті. Солардың бірі – немере інісі Нұрлан Мырзаханұлы Мәсімов. Оның жақында Павлодар облысының полиция басқарма басшылығынан кеткені мәлім болды. Нақты айтқанда, ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйырығымен Нұрлан Мәсімов рапортқа сәйкес Павлодар облысының полиция басқарма басшысы қызметінен босатылды. 48 жастағы Кәрім Мәсімовтың туысқаны бұл басшылыққа 2019 жылдың желтоқсанында келген.
Дайындаған Дидар МӘЛІКҰЛЫ.