Биылғы жылдың қаңтары қаһарлы суығымен емес, қантөгіске ұласқан оқыс оқиғасымен есте қалды. Жер-жаһанды елең еткізген еліміздегі тосын жағдайға әлемнің көптеген сарапшылары мен еліміздің бірқатар саясаткерлері өз бағаларын беріп, пікірін білдіріп жатты. Кейбірі сын-қатердің өршуі Қазақстанға төнген қауіп десе, енді бірі Үкіметтің әлсіз әрекетінің кесірінен осындай жағдайға жетті деп топшылады. Сонымен қатар, әлемдік сыншылардың біразы Алматыдағы дүмпу тоқтамаса, бұл Қазақстан елімен шектесетін бірқатар елдерде де орын алып, дүние жүзілік қақтығысқа әкелуі мүмкін деген түсініктерін білдіріп жатты.
Түрлі пікірлердің көбісі Қазақстанның басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың батыл, саналы, нақты шешімдерін жақтады. Мемлекетте тәртіп орнап, бейбіт заманның оралуы үшін Үкіметтің атқарып жатқан жұмыстарын қолдады.
Ендеше, ел басына күн туған шақта Отанымызда болып жатқан оқиғаға немқұрайлы қарамай, жанымызға жалау болып, өз ойларын ортаға салған әлемдік бақылаушылар мен қазақстандық сарапшылардың айтқандарына тоқталсақ дейміз.
Әзірбайжан елінің өкілі, сарапшы, «Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының жетекшісі Велизаде Ильгар Мақсұтоғлы былай дейді: «Қазақстан басшылығының елдегі жағдайды қалыпқа келтіру үшін қабылдаған шұғыл шаралары – басқару тиімділігінің көрсеткіші. Президенттік билік – Үкіметтің отставкаға кетуі, кінәлілерді іздестіру мен жазалау, газға және басқа да маңызды өнімдерге баға белгілеудің тиімді тетіктерін анықтау іс-шараларының басы-қасында тұр».
Сонымен қатар, осы елдегі белгілі бір телеарнаның саяси шолушысы Тоффик Аббасов елімізде болған жағдайға деген өз өкінішін білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан ең алдымен әлеуметтік-экономикалық салаларда постсоветтік кеңістіктегі қарқынды дамып келе жатқан лидер-мемлекеттердің бірі.
– Мемлекет басшысы алдына өте өршіл әрі тартымды мақсаттар қойып отыр. Олар – ұзақмерзімдік жоспарлар. Диалогтың қазірдің өзінде жолға қойылғаны, іс жүзінде жағдайдың тұрақталып келе жатқаны – көңілге медеу, – деді Әзірбайжанның саяси сарапшысы Тоффик Аббасов.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың уақтылы қабылдаған шешіміне Болгария елінің азаматы, «Мир» партиясының төрағасы Симеон Славчев те қолдау білдіріп, елдегі жағдайға қатысты ойын былай жеткізді: «Шабуылшылардың әрекетінен олардың Маңғыстау облысындағы сұйытылған газ бағасының көтерілуіне қарсы бейбіт шеруге шыққандарға еш қатысы жоқ екені белгілі болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың араласуынан кейін наразылық білдірушілер демонстрацияны тоқтатты. Өйткені, талаптары орындалды. Яғни, бұл жерде бейбіт шерушілер мен Қазақстанды дүр сілкіндіріп, ойрандаған шабуылшылардың аражігін ажырата білуіміз керек».
Шетелдік сарапшылардың ынтымақтастық жолындағы бұл ойлары қашанда маңызды. Көбісі Президенттің орнықты әрекетін лайықты бағалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жедел тапсырмасы бейбіт өмірімізді сақтап қалды десек артық емес. Оның жақында мәжіліс отырысында айтқан үндеуі де көңілге сенім ұялатты. Жаңа Қазақстанды құру үшін нақты міндеттері Үкіметке жүктеді. Елдегі дүрбелеңнен кейінгі Президенттің шегелеп тұрып айтқан сөздері мемлекеттің дамуы үшін жасалған алғашқы қадамдардың бірі деп білеміз. Ол жайында елдегі белгілі тұлғалар да, саяси сарапшылар да, қоғамдық ұйымдардың өкілдері пікір білдіріп жатты. Солардың бірі – «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет.
– Ең бастысы, ел ауызында талай уақыт айтылып жүрген нәрселерді Президент Тоқаевтың ауызынан естігеніме ризамын. Барлық мәселелер бұдан былай тек қана ашық айтылып, ашық талқылануы керек. Қазақта «Халық айтса, қалт айтпайды» деген сөз бар, соны ұмытпайық. «Естуші мемлекет» атты концепция дұрыс. Бірақ, естігенді тез арада зерделеп, мәселені түсініп, нақты шешімдер қабылдануы қажет. Әйтпесе, тек қана лозунг ретінде қалып қояды, – деді «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚР Президентінің жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі М.Айтмағанбет.
Ал, белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы билікке қатысты ойын ашық білдіріп, бүгінгі таңда ақылшы ақсақалдардың азайғанына өкініш білдірді. Оның айтуынша, Үкіметтегілерге дат айтып, сөзін өткізе алатын абыздардың қалмаған.
– Былайғы уақытта әділетсіздікті, жемқорлықты, ұлт мүддесіне қайшы саяси қателікті ашық сынай алмаған «тұлғалардың» осындай күрделі кезеңде елді сабырға шақырып, басу айтқан сөздері өтімді бола бермейді. Тіпті кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан билік сын айтқанның бәрін жау санамауға тиіс. Ал ел алдында жүрген тұлғалар орынды, жанашыр сынды көбірек айта білуі керек. Керек болса, шындықты тіліп-тіліп айтуы ләзім! Бірауыз сөзіне ел іркіліп тоқтайтын, сүйкімі кетпей әдемі қартайған абызымыз жоқ. Өкінішті. Қазақтың рухани тоқырауы басқа емес, осы болса, керек! – деді исламтанушы Қайрат Жолдыбайұлы.
Дайындаған Дидар МӘЛІКҰЛЫ.