Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Парламенттің Мәжіліс отырысына қатысып, бірқатар өзекті мәселеге қатысты ұсынысын айтты. Ел Президентінің бұл жолғы Үкіметке жүктеген нақты тапсырмалары бұрынғыдан ерекше болғаны анық.
Елімізде болып жатқан соңғы тосын оқиғалардан кейін, әрине, Қазақстан халқы жағымды жаңалықты күткені рас. Өйткені, мемлекет ішіндегі ахуал шиеленісіп, Отанымыздың болашағы бұлыңғыр күйге айналды десем артық айтқаным болмас. Дегенмен, Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен мемлекетіміздің күші бірлікке негізделіп, келешегіміздің кемелденуі үшін нақты қадамдар бүгіннен-ақ басталды. Алдымен Әлихан Смайыловты Премьер-министр ретінде тағайындауды ұсынып, оған үлкен зор сенім білдірді. Менің ойымша, Үкіметті осындай жастық жігері бар, тәжірибесі мол азаматтың басқарғаны дұрыс.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қарулы күштер, Құқық қорғау органдары мен осы саладағы мамандардың жұмысын реттеп, оларға жағдай жасау үшін жалақысын арттыруды тапсырды. Ел басына күн туғанда осындай азаматтарымыздың біліктілігі байқалатыны белгілі. Оны соңғы жағдай бізге ұқтырды деп ойлаймын. Сондықтан олардың еңбекақысын артуы өте дұрыс шешім. Президентіміз дәл сол сияқты жалпы халықтың табысын арттыруды да алға тартты. Осыған қатысты Үкіметке екі айдың ішінде арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Бұл да өте құптарлық ұсыныс. Елдің жағдайы тұрақталса, мемлекетіміз өсіп-өркендейді деген ойдамын.
Қасым-Жомарт Кемелұлының өңір әкімдеріне қатысты айтқаны да көңілге қонымды болды. Президенттің айтуынша, кейбір мемлекеттік органдардың басшылары халықпен тілдесуге жасқанбауы тиіс. Бұл ретте өңір әкімдері елді мекеннің тұрғындарымен тұрақты кездесулер ұйымдастыруға міндетті екені айтылды. Расымен де, осындай басшылар халыққа жақын болса, талай мәселе ортақ шешіледі деген үміттемін.
Мемлекет басшысы басқа да әлеуметтік, экономикалық, саяси мәселелерге қатысты пікір білдірді. Ендігі кезекте Үкімет тарапы оның барлығын оңтайлы шешу жолында тынбай еңбек етуге міндетті. Президенттің айтқаны орындалса, Тәуелсіздігіміз нығайып, халықтың әл-ауқаты жақсарады деп есептеймін. Еліміз аман, заманымыз тыныш болсын. Біздің күшіміз бірлікте екенін ұмытпайық.
Сағат МӘСІМАҚЫНОВ,
Қарасай аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы.