Қаскелең қаласында орналасқан ауданаралық көпсалалы ауруханасында созылмалы бүйрек ауруына және вирусты гепатитке шалдыққан науқастарға ем көрсететін гемодиализ бөлімшесі ашылды.
Гемодиализ бөлімшесінің ашылуын жалпы аудан көлеміндегі игі жаңалық деп қабылдауға болады. Өйткені, мұндай бағыттағы емдеу шаралары осы уақытқа дейін ауданымызда тек ақылы ауруханаларда ғана болған, енді, міне, науқастар өз ауруларын тегін емдей алады.
Аталған бөлімшенің меңгерушісі Руслан Болатұлының айтуынша, жаңадан ашылған бөлімшеге төрт аппарат орнатылған. Бір аппаратта 3 науқасты қарауға болады, яғни, мұнда күнделікті 12 адамға көмек көрсетіледі. Алдағы уақытта гемодиализ бөлімшесінде тағы бірнеше аппарат қою жоспарлануда.
– Ауруханаға тіркелген тұрғындар арасында қазіргі күні гемодиализді қажет ететін 155 тұрғын бар. Әдетте, науқастарға гемодиализ қабылдау үшін аптасына бірнеше рет ем алуға келеді. Әрбір процедура 3-4 сағатқа дейін созылады. Ол кезде емделушілердің қаны арнайы сүзгі арқылы өтіп, тазартылады. Диализ залы толықтай ең озық медициналық қондырғылармен жабдықталған, – дейді Руслан Болатұлы.
Бұл жаңалық аудан тұрғындары үшін ерекше қуанышты жайт болды. Мәселен, Қаскелең қаласының тұрғыны Махмут Аметалиев емделу үшін Алматы қаласына жиі барып тұрған екен. Енді үйге жақын арадан емделеді.
– Алматы қаласына барып ем алып, қиналып жүрдік. Ендігі кезекте өзімізде, Қаскелең қаласында, орталық ауруханада осы бөлімшенің ашылуы бізді айрықша қуантып отыр. Бүгін бірінші рет келдім, аптасына үш-рет төрт сағаттан ем аламыз. Дәрігерлері жақсы қызмет етеді. Мұндағы жабдықтың бәрі жаңа, әрі сапалы ем жүргізеді, – дейді Махмут Аметалиев.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.