Боз кілемде белдесуді жаны қалайтын еліміздің болашақ чемпиондары жақында республикалық турнирде бақтарын сынады. Тұңғыш Президент күні мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған айтулы шара Қарасай аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бастамасымен қолға алынды. Спорттық бәсеке Шамалған ауылындағы «Үшқоңыр» спорт мектебінде өткізіліп, оған қазақ күресін серік еткен 2006-2007 жылғы жасөспірімдер қатысты.
Іс-шараның салтанатты ашылу рәсімінде Шамалған ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасынов, Қарасай аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қайрат Бірімжанов, Алматы облыстық Қазақ күресі федерациясының президенті, турнирдің бас төрешісі Қанат Келькенов сынды құрметті қонақтар мерекеге орай ізгі тілектерін білдіріп, жас балуандарға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, ауданның жас өнерпаздары өнер көрсетіп, рухты әндерін шырқады.
Бұл бәсекеге жарыс қожайындарынан бөлек, Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарынан спортшылар қатысып, өз өңірлерінің намысын қорғады. Әртүрлі салмақ дәрежесі бойынша сынға түскендер бапкерлерінің айтқандарын орындап, қарсыластарынан айлаларын асыруға тырысты.
Белдесудің алғашқы кезеңдерінен жерлестеріміздің қарқыны жақсы байқалды. Күреске деген қабілеттілігін жан-жақты байқатып, тәлімгерлерінің үміттерін ақтады. Алайда, өзге өңірлердің жас спортшылары да осал еместігін көрсете білді. Сонымен жарыс нәтижесі бойынша командалық есеппен Қарасай ауданының №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің 9 шәкірті жүлдегер атанып, көш басынан табылды. Сонымен қатар, басқа да өңірдің балуандары да қатарларынан қалыспай, бірнеше жүлдегер атанды. Оның ішінде Жетісу өңірінен Балқаш, Жамбыл, Кербұлақ, Ақсу, Іле аудандары мен Жамбыл облысынан Мойынқұм, Қордай аудандарының жас күрескерлері бар.
Жеңімпаздарды округ әкімі Ержас Серғазыұлы мен «Үшқоңыр» спорт мектебінің басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Дәурен Төлеген арнайы марапаттап, сыйлықтар мен дипломдарды табыс етті.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.