Әйел мен ана ұғымы қашанда егіз. Өйткені, шаңырақтың шырайын келтіріп, берекесін еселеп, ұрпағын өрбіту осы нәзік жандылардың иығына жүктелген жауапты міндет. Өкінішке орай, бүгінгі таңда қоғамда іңгәлаған сәбидің үнін естуге зар болып жүрген жас отбасылардың саны кемімей тұрғаны ащы да болса ақиқат. Бұл жағымсыз жайттың себебі де сан алуан. Алайда, еліміздің денсаулық сақтау саласындағы жетістіктер мен жақсы жаңалықтар осы мәселенің шешілуіне өзіндік ықпалын тигізіп келе жатқандығы да көңіл қуантады. Солардың қатарында ауданымыздағы «Жанұя Жұмабек мед» медициналық орталығы да бар.
Жалпы, әңгімеміздің әлқиссасында айта кетсек, аталған орталық Қаскелең қаласында 2012 жылы өз есігін айқара ашқан. Бастапқыда директоры Жұмаш Нұржауов пен бас дәрігері Зада Сартаева оның негізін қалағанда негізгі мақсат – осы бедеулік дертімен күресіп, армандап жүрген ерлі-зайыптыларға бала сүю мүмкіндігін беру, өмірге келген нәрестелердің денсаулығын бақылап, мекеменің аты айтып тұрғандай, әр келушіге отбасы бақытын сыйлау еді. Бірақ, жалпы халықтың денсаулығының төмен болуына, келушілердің қатарының артуына байланысты үлкен емханаға айналып кеткен. Шынымен де, бүгінде мұнда медициналық қызметтің барлық түрі ұсынылып, күндізгі және тәулік бойғы стационарлар үздікссіз жұмыс істеуде. Ал, былтырғы жылдың мамыр айынан бастап мұнда экстракорпоральды ұрықтандыру әдісі тәжірибеге енгізіле бастаған. Бүгінгі біздің мақаламызға арқау болып отырған да осы тақырып.
Орталықтың бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Зада Алшимбекқызының айтуы бойынша, бала көтере алмаудың басты себебі тек жатыр ауруына ғана байланысты емес. Біраз уақыт жүкті бола алмаған әйелдер бірден гинеколог мамандардың көмегіне жүгінеді. Ол дұрыс та. Бірақ, бедеулікке адамның ағзасының кейбір қызметтерінің дұрыс жұмыс істемеуі де әкелуі мүмкін. Әйелдің бала көтеру функциясы ол – қосалқы функция екенін ұмытпау керек. «Сондықтан біз ең алдымен болашақ ананың жалпы денсаулығын қалпына келтіріп, сосын барып репродуктивті технологияға көшеміз», – дейді білікті маман.
Сұхбат барысында белгілі болғандай, ауданымызда табиғи жолмен нәресте сүйе алмай, осындай әдісті соңғы мүмкіндік ретінде көретін әйелдердің саны жеткілікті. Бір ескерерлігі, клиника қызметті ақылы және ақысыз түрде жүргізеді. Тегін жолы мемлекеттік қолдау, яғни, ұлт денсаулығын түзеуге бағытталған медициналық сақтандыру аясында емханаларға тіркелу арқылы жүзеге асады. Осы орайда бас дәрігер қазіргі уақыттың өзінде мұнда 3000 нәзік жанды тізімге алынғанын, әзірге тіркеу тоқтатылғанын тілге тиек етті. Себебі, орталықтың басты ұстанымы сан емес, сапаны көрсету. Үкілеген үмітін арқалап келген жандардың сенімін ақтау.
Мұнда негізінен әйел жүктілікке дайындалады. Толық тексеруден өтіп, бедеуліктің себебі анықталады. Соған сәйкес ем шаралары жүзеге асады. Жатырдың ұрықты қабылдауға дайындығы қатаң бақыланып, аналық жасушаның жетілуі ынталандырылады. Қажет болған жағдайда ұрық енгізіледі. Жалпы, «ЭКО» атауымен белгілі ұрықтандыру үрдісінің қыр сыры көп. Сонымен қатар, ол бірден оң нәтиже береді деп қатты үміттену де қателік. Ал, «Жанұя Жұмабек мед»-тің артықшылығы сол, Алматыдағы «Академия здоровья» медициналық орталығымен келісім шартқа отырған. Бақылауға алынған науқасты толық тексеруден өткізіп, ем-домын жасап жүктілік үшін соңғы мүмкіндік тек ЭКО болған жағдайда сол жаққа жібереді. Осы арқылы науқасқа 30 пайыздық жеңілдік жасалады. Бұл мегаполистен тысқары тұратын халық қамы үшін қарастырылған айтарлықтай жақсы жағдай десек, қателеспейміз.
– Менің осы салада еңбек етіп жүргеніме 40 жыл болады. Сонау 70-80 жылдары бала көтеру мүмкіндігі 49 жасқа дейін деп есептейтін едік, жылдар өте келе бұл жас шамасы, тіпті 35-ке дейін кеміп келеді. Қазір біз ай сайын клиникамызда сәби сүйе алмай жүрген 10-15 әйелді қараймыз. Яғни, қазір бұл үлкен проблемаға айналды, – дейді Зада Алшимбекқызы тағы да. – Ұрықты медицина ғылымдарының кандидаты Елена Александровна Асанова деген репродуктолог дәрігеріміз жатырға отырғызады. Ең жаманы түсік тастап қоятындар көп. Жалпы, бедеулікке не себеп дейміз ғой? Менің ойымша, экологиямыз бұзылды, дұрыс тамақтанбаймыз, оған қоса мына техника мен технология дамыған заманда қолымыздан түспейтін гаджеттердің де осыған кері әсері зор.
Дегенмен де, бастапқы нәтижелер де жаман емес. Бүгінге дейін оннан астам әйел ана болу бақытына кенелген екен. Білікті дәрігер бұның барлығы алдымен Алланың арқасы деп біледі. Себебі, «Бесік тербетілмеген үйде береке болмайды» дегендей, перзент – жаратқанның беретін үлкен сыйы. Ақ желеңді абзал жандар осы бақытқа кенелу жолындағы себепші ғана деп түсінеді.
Сөзіміз жалаң болмас үшін, мақала жазу барысында «Жанұя Жұмабек мед» орталығының шарапатын көрген бірнеше жас анаға хабарласқан едік. Алайда, көптен күткен тағдыр сыйына енді ғана қол жеткізген олар ырымдап, әйелге тән ұяңдықпен аты-жөндерін көрсетуден бас тартты. Бірақ, бірауыздан Зада Алшимбекқызы бастаған ұйымшыл ұжымға алғыстарын жаудырды. Олардың шын жүрекпен, кең пейілмен көрсеткен көмектерін үлкен ынтамен әңгіме арқауына айналдырды және орталықтың атына сай, әрбір келушіге бір жанұяның мүшесіндей қарайтынын тілге тиек етті…
Клара КӨПБАЕВА.