Еліміздің ең үздік мәдени дәстүрлерін сақтау мен дамыту – мәдениет ошақтарының басты мақсаты. Осы дәстүр бойынша Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын мерекелеу барысында Қарасай аудандық мәдениет үйлері мен филиалдары «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында 30 іс-шара» айлығын бастап кетті. Қарашаның 15-нен бастау алған түрлі форматтағы шаралардың басым бөлігі офлайн өтіп, желтоқсанның 15-не дейін жалғасын таппақ.
Шаралар легінде аудандық деңгейдегі байқаулар, мерекелік концерттік бағдарламалар, мерекелік және шығармашылық кездесу кештері бар. Атап айтсақ, «Сәлем Қазақстан!» атты суретшілер байқауы «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты ұғымды насихаттауға бағытталды. Атаулы мерейтой аясында үстіміздегі жылы Береке ауылдық мәдениет үйінде 28 жылғы үзілістен кейін күрделі жөндеу жүргізіліп, қолданысқа берілген болатын. Бүгінгі таңда мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы толықтырылып, жұмыс барысы жоспар бойынша жолға қойылды.
Ал, аудандық мәдениет үйі өз кезегінде заманауи техникалармен қамтамасыз етілуде. Мәселен, былтырғы жылы залға заманауи жарықтандыру жабдығы мен залдың дыбыстық акустикасына толық сәйкес келетін музыка жабдықтары сатып алынса, биыл 3×5 көлеміндегі 2 Led экран сатып алынып, аудандық мәдениет үйінің қабырғасына орнатылды.
Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әбішұлының «Біз әлемдік мәдени құндылықтармен үндес жаңа заманғы қазақтың озық мәдениетін қалыптастыруымыз керек» деген талабын орындап, Қарасай аудандық мәдениет үйінің ұжымы мәдениетті дүниенің алтын алқасына айналдыру жолында еңбек етіп келеді.
Айгерім МАМЕТЕКОВА,
Саңыраулар қоғамы клубының меңгерушісі.