Жер-жаһанның мазасын қаштырған коронавирус кеселі біздің елімізден әлі алыстай қойған жоқ. Індеттің таралу көрсеткіші республика бойынша күн сайын құбылып, адамдардың сырқаттану статистикасы да соған сай жаңаруда.
Ауруды ауыздықтайтын жолдың бірі – вакцина алу. Қалыпты өмірге жол бастайтын бұл тиімді амалдың арқасында соңғы уақытта вирустың таралуы едәуір төмендеп келеді. Екпені қабылдау үрдісі Алматы облысында да жақсы жағынан байқалуда. Соның әсерінен және де тұрғындардың сақтығынан Жетісу өңірі бүгінде «жасыл» аймаққа кірді. Осы ретте ауданымыздағы эпидахуалға да мән беріп, қауіпті індетке қарсы басты қару болып табылатын вакцина жайлы соңғы деректерді жалпақ жұртқа жеткізуді жөн санадық.
Уақыт өткен сайын қазақстандықтардың арасында вакцинаға деген сұраныс артуда. Оның ішінде Қарасай ауданының тұрғындары да бар. Жергілікті халық өз денсаулықтарына бей-жай қарамай, сырқаттан сақтанудың басты жолы – екпе екенін түсініп, оны қабылдауға ерікті түрде өтініш білдіруде. Бұл жайлы нақты ақпаратты аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Руслан Куккузов айтып, вакци-
нациялау жұмыстарын сандық көрсеткіші арқылы түсіндірді.
Ресми дерекке сүйенсек, Қарасай ауданында 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап COVID-19 індетіне қарсы екпе егу жұмыстары басталған. Инфекцияға қарсы иммунитет қалыптасуы үшін тұрғындардың вакцина қабылдауы І және ІІ кезеңдерде жүзеге асатынын айта кеткен жөн. Біздің ауданға ағымдағы жылдың 1 ақпаны мен 4 қарашасы аралығында коронавирусқа қарсы жалпы 121 447 дозалы екпе әкелінген. Бірінші кезең бойынша екпе 119 886 адамға егілді. Оның ішінде 3441 медицина маманы, 5908 педагог, 583 мемлекеттік қызметші, 5252 студент, 464 полиция басқармасының, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің, төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері екпе қабылдады. Одан бөлек, ауданның басқа тұрғындары арасынан 102 331 адам вакцинаға сұраныс білдіріп, өз еріктерімен салғызған.
Осы аталған түрлі саладағы қызметкерлердің 102 563-іне бүгінгі таңда мерзіміне байланысты екпенің екінші дозасы егілді. Қалғаны да жоспарлы түрде жүргізіледі.
Вакцинациялау науқаны басталғалы ауданымызда 14 медициналық мекеме, 9 жылжымалы егу пункті және төрт жеке медицина орталығы екпе егу мақсатында қызмет көрсетуде. Бұл міндетті орындауға көптеген медицина қызметкері арнайы жұмылдырылған.
Қарасай ауданында коронавирусқа қарсы күрес, міне, осындай. Сақтыққа сұранғандардың көрсеткішін көріп, қарқын жаман еместігін байқауға болады. Алайда, ауданның эпидахуалы кімді болсын алаңдататыны жасырын емес. Оған қатысты нақты ақпаратты білу үшін Қарасай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы эпид қадағалау бөлімінің бас маманы Мәншүк Сисенбаевамен тілдестік. Оның сөзінше, қазіргі таңда сырқаттанушылардың көбеюі жоғары емес. 2 қарашадағы дерекке сәйкес өсім қарқыны 2%-ды құрап отыр. Салыстырмалы түрде көз жеткізер болсақ, ағымдағы жылдың 27 қазаны мен 2 қарашасы аралығында 55 адам індет жұқтырса, бұның алдындағы аптада 57 тұрғын сырқатқа шалдыққан. Кешегі, яғни, 4 қарашадағы ресми ақпаратта 3841 науқастың анықталғаны белгілі болды. Оның 2836-і симптомды болса, 1005-і симптомсыз. Соңғы уақытта COVID-19 індеті мектеп оқушылары арасында жиі таралуда. Мәселен, 4 қарашада 126 науқас провизорлық ауруханаға түскен болса, бұл сырқаттардың ішінде 71-і балалар болып табылады. Дегенмен, бұл көрсеткіштер былтырғымен салыс-тырғанда шамамен 1,5 есеге азайған.
Сандардың сөйлегеніне сүйеніп, аурудың жұқтыру деңгейі бірқалыпта екеніне көз жеткізу қиын емес. Әзірге ауданымызда эпидахуал тұрақты.
Дерттің дендеп, оның өршуіне жол бермеу – әрбіріміздің қолымызда. Ең бастысы сырқаттан сақтанып, қалыпты өмірді бірге қалыптастырайық!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.