Үшінші қыркүйек күні ауданымызда бір мезгілде (синхронды түрде) жалпықазақстандық ашық диктант жазу ұйымдастырылды. Еліміздің барлық өңірінде аталып жатқан жазбаша сынақ Республика Үкіметінің 2019 жылғы 13 мамырдағы №271 қаулысымен бекітілген «Қазақстан халқы Ассамблеясының (2025 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 2019 – 2021 жылдарға арналған іс-шаралары» жоспарланған жобалар аясында өтті. Ашық диктант Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік – басты құндылығымыз!» тақырыбына арналды.
Өз ана тілімізде еркін сөйлеу былай тұрсын, жазбаша қазақ тілінде сынақ тапсырудың орны бір бөлек. Бір жағынан білім деңгейіңді көтерсең, екінші жағынан сауаттылығыңды арттыруға септігі мол. Ал, ашық диктант осындай қабілеттерді жақсартуға ықпал етеді. Сондықтан да бүкіл республика көлемінде ана тілінде тапсырып жатқан мұндай сынақтың өткізілуі өте орынды деп білеміз.
Синхронды түрде ұйымдастырылған шара бірнеше мекеме орындарында жүзеге асырылды. Атап айтқанда, қатысушылардың қатарында мемлекет, мәдениет және денсаулық саласының қызметкерлері, мұғалімдер және тағы басқалары болды. Әрине, диктант қазақ тілінде жазылды. Жалпы алғанда сынақ тапсырушылардың саны 1500-ға жетті. Нәтиже көрсеткіші де қанағаттанарлықтай. Осылайша ашық диктанттың арқасында ана тіліміздің қолданылу аясы кеңіп, мемлекеттік қызметкерлердің, қоғам белсенділерінің де жазбаша сауаттылық қабілеттері жоғарылады.
Аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі.