…2011 жылы Сарыарқаның сайын даласын дүбірлетіп, қатысушылардың жан-жүрегін алабөтен қуанышқа бөлеген, отты өлең мен әсем әннің құшағына құлатқан, талайды тамсандырған тамаша бір үлкен жиын өтіп еді. Ол ұлттық поэзиямыздың ұлағатты ұстынын ұстаған ұлы Қасымға, қазақтың қайсар рухты жырының ұшар биігі Қасым Аманжоловқа арналған болатын. Дәлірек айтқанда, 100 жылдық тойы.
Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданындағы ақын атындағы ауылдағы (бұрынғы Фрунзе) осы алқалы бас қосудың ішінде бар қазақтың мақтанышы, аймаңдай ұлы, тұңғыш ғарышкері, «Халық Қаһарманы», Кеңес одағының батыры Тоқтар Әубәкіров те болған.
– Тоқаң бірқатар елге сыйлы кісілермен бірге Кеңес Одағының батыры Мартбек Мамырайымов атындағы (бұрынғы 1 Май) ауылы тіккен қазақ үйде қадірлі қонақ болды, – дейді Қарқаралы ауданының тумасы, бірқатар жыл сол жақта ауылшаруашылығы саласында жұмыс істеген, қазір Қаскелең қаласында тұратын Еркін Өкімбаев. – Кескін-келбеті, түр-тұлғасының өзі нағыз батырды көз алдыңа анық әкелетін, анадайдың таудай болып келе жататын оны сыртта қаумалаған, қолын алмаққа ұмтылған халық көп еді. Содан тек үйдің ішіне кіргеннен кейін ғана аға тынышталып, сәл тыным алғандай. Мына сурет сонда, яғни, Тоқаңа сөз берілгенде түсірілген. Аға орнынан тұрып, ақ тілегін ақтарыла айтты, халқымыз жайында, Қасым ақын жөнінде, елдік, бірлік, ынтымақ туралы толғана сөйледі. Ал, мен болсам, қашанғы әдетіммен жерлес ретінде ол кісінің жанында жүгіріп жүрдім. Батырдың артқы жағында тұрған сол, менің өзім.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.