Ел абыройын асырып, айдай әлемге танытқан айбарлы Нұр-Сұлтан қаласының төл мерекесі қарсаңында аудандық кітапхананың ұйытқы болуымен салтанатты шара ұйымдастырылды.
Қаскелең қаласының орталық алаңында ашық аспан астындағы өткен шараға аудан тұрғындары көтеріңкі көңіл-күйде жиналды. Еліміздің гимні орындалған соң ортаға қала әкімі Асқар Мұқашев шығып, көпшілікке, мерекеге орай, жылы лебізін білдірді. Ел тарихында аз уақытта өзіндік биігіне ие болып, дүние жүзіне әйгілі қазақ елінің бас қаласына айналған әсем Нұр-Сұлтанның, жалпы, мемлекетіміздің бүгінгі толайым жетістіктерінде ырыс пен ынтымақты ту еткен барша қазақстандықтардың үлесі бар екендігін де алға тартып, жиналғандарға жақсы тілегін арнады.
Одан кейінгі кезек поэзияға беріліп, ортаға С. Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік-техникалық колледжінің студенттері мен облыстық «Поэзия әлемі» байқауының жеңімпазы Алтынай Махсетбаева шығып еліміздің астанасына арнап оқыған өлең жолдары көпшіліктің көңілінен шығып, жақсы әсерге бөледі. Мерекелік кеш мұнан әрі концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна төрінде «Қалбибі өнер» студиясында құрылған хордың және трионың өнерпаздары Отан, туған жер, махаббат, елорда, достық тақырыбындағы туындылар мен әндерді шырқап, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Басқосудың соңы аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызының ізгі тілегімен түйінделді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.