Жақында Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев халық санағының дайындық кезеңіне атсалысқан Қарасай ауданының тұрғындарын Алғыс хатпен марапаттады.
Берілген тапсырмаға бар ынтасын салып, немқұрайлы қарамай, ісін соңына дейін жеткізгені үшін қала басшысы ризашылығын білдіріп, олардың осы мезетте қала тарихының бір бөлшегіне айналғанын атап өтті.
Әр 10 жыл сайын өткізілетін халық санағы еліміздегі жағдайлар мен шектеулі карантиндік шараларға байланысты кейінге қалдырылып, 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 15 қазаны аралығында өткізілетін болды. Науқанға дайындық кезеңіне тек Қаскелең қаласынан емес, өзге де ауылдық округ бойынша барлығы 23 адам атсалысты. Олардың ішінде 17 регистратор, 2 комиссия және 4 уәкілеттілер тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды аралап шықты.
№2 санақ учаскесінің уәкілеттісі Әмина Абдраманованың айтуынша, бұл дайындық жұмыстары негізгі халық санағы басталған кезде аумақты инструкторлық учаскелерге бөлу үшін жүргізілген.
– 1 қыркүйектен бастап онлайн түрде халық санағы өтеді, қала тұрғындарының белсенділік танытып науқанға атсалысқандары қажет. Онлайн түрде мүмкіндігінше көп адам санақтан өтсе, жеке барып үй аралау аумағы азаяды. Пандемияның өршіп тұрған кезінде, бұл істе барлығымыз белсенділік танытсақ, жақсы жетістікке жетеміз. Бұл санақ Қазақстанның әр тұрғыны үшін маңызды, – деп, Әмина Мадиқызы тұрғындарды белсенділік танытуға шақырды.
Салима БАҒАШАР.