Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Білім көшін бастап келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек! Олай болса парасатты ғұмырын білім ордасына арнаған ұстаз жайлы айтайық. Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген. Өмірден тоқығаны мол, терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет және үлкен азаматтық парасат иесі ардагер ұстаз Байқонысова Рымкеш Шәйкенқызы 64 жыл ұстаздық еңбек етіп, 85 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Көкірегінде сәулесі бар әр адам «Зымыраған заманның ағымына ілесіп, жүйткіген уақыт көшінен қалып қоймай, бойымдағы барымды, көкейге жиған нәрімді елдің игілігіне жұмсасам» деп талпынары хақ. Ұлағатты ұстаздың өнегелі өмір жолдарын байсалдылықпен ой сүзгісінен өткізуге болады.Рымкеш Шәйкенқызы 1997 жылы 1 қыркүйектен Қарасай батыр мектебінде ұстаздық қызметін бастағалы бері бір ұжымда еңбек еттік. Тарих пәнінің мұғалімі, ізденімпаз ұстаз жетекшілігімен мектебімізде «Шапағат» тарихи-өлкетану мұражайы 23 мамыр 1998 жылы ашылды. Мұражайда өз қызметін өлкетану, халық педагогикасы, Елбасытану қызметімен, өлкетану жұмыстарымен және Елбасының балалық шағы мен қызметімен ұштастырып жүргізді.
Дарын мен қабілет, өмірге деген құлшыныс пен төзімділік деген құндылықтар арқылы ұстаздықтың асқар асуларынан сүрінбей өтіп, арман мақсатына жеткен бақытты ұстаз 1980 жылдары Ақши орта мектебінде жұмыс істеген уақыт аралығында жүзім жинау кезінде өз сыныбымен жарыста озып шығып, батыр қалалар: Волгоград, Киев, Харьков, Одесса, Севастополь, Кіші жер, Краснодон, Федосеев, Херсон қалаларында болып, Ұлы Жеңістің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып қайтқандығын мақтанышпен айтып отыратын.
Мұражай ісі өнер мен ғылым тоғысуынан туады десек, мен Рымкеш Шәйкенқызының республикалық ғылыми орталық кітапханасы қорларындағы құнды деректі материалдарынан, ежелгі заманнан жеткен, 300 жыл бұрынғы теріге жазылған құжаттар, сарғайған қолжазбалар мен том-том кітаптардан ұйымдастырылған көрмесі, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, атақты коллекционер Әкімбек Азат Мәжитұлының XVII-XVIII ғасырлардан сыр шертетін көне жәдігерлері, Д.А. Қонаев мұражайының көрмесі, танымал суретші, ұста Қыдырбай Далабаевтың «Тәңір – Ұмай» атты ағаштан, темірден басқа да металдардан жасалған тарихпен үндес туындылар көрмесі, Астана қаласындағы Президент мұражайынан 53 жәдігерді Алматыдағы Президент резиденциясынан қабылдау, атақты күйші Нұрғиса Тілендиевтің 90 жылдығына арналған Дариға Тілендікеліні мен Нұрғисақызы Дінзухра бастаған Отырар сазы оркестрімен салтанатты кездесу кешінің, республика көлеміндегі оқушылардың мұражайға саяхаттары іс-шараларында сценарий жазып, оқушылар дайындауда көмектесе жүріп, ұстаздық еңбектің бір қырын бағамдадым.
«Бақыт – іздегенге ғана бұйырады дегендей, бақыттың бесігіне бөлену үшін алға қойған асқақ арманы, еңбекқор, талантты, қиялына қанат бітіп қияға шығатындай ізденушілік жолында, сабыр мен төзімі ерекше болуы керек деп ойлаймын» деп ардагер ұстаздың өзі айтқандай, талай жылдар тағылымы толысып, ұстаз бақытын сезініп, шәкірттер құрметіне бөленген ұстаз бейнесі мектеп ұжымы мен шәкірттерінің есінде «Музей апа» болып сақталмақ. Ұстаз жайлы ойымды төмендегі өлең жолдарымен түйіндегім келеді:
Шәкірттерін азамат қып саналы,
Ұстаз ана, ұстаз дана болады.
Ең бастысы – ұстаз мына өмірде,
Ұлағат боп, ұлылық боп қалады!
Саулет АЙТІМБЕТОВА,
Қарасай батыр атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары.