Мерейлі мерекеге орай аудан әкімі Жандарбек Далабаев Ұлы Отан соғысының ардагері Ыдырысов Чайке ақсақалдың отбасына барып, майдангерді Жеңіс күні мерекесімен құттықтады.
Адамзат тарихында алапат жылдар ретінде ерекше орын алып, көптеген адамдарға қасірет алып келген ең қан төгісті де қаһарлы соғыстың тұтанған алауының сөнгеніне биыл, міне, 76 жыл толып отыр. Өкінішке орай, қазіргі таңда сонау ауыр күндердің дүрбелең оқиғасы жайлы естеліктер ғана, емес, сондай-ақ, оған қатысып, сіздер мен біздер үшін қасық қаны қалғанша күрескен батыр азаматтардың бүгіндегі – біздің ардақты ардагерлеріміздің де саны азайып бара жатыр. Биылдың өзінде біздің Қарасай ауданымызда осы Жеңіс мерекесін үш ардагер ғана қарсы алды. Сол бейбіт өмір сыйлаған қарт жауынгердің бірі – әйтейлік Чайке Ыдырысов.
Елге оралғаннан кейін де ұзақ жылдар ерен еңбек етіп, ауданымыздың гүлденуіне аянбай үлес қосқан Чайке атамыздың жүріп өткен өмірі мен еңбек жолдары кейінгі жас ұрпаққа молынан өнеге болып табылатыны сөзсіз. Осы ретте қазақ халқы үшін ең маңызды мерекелерінің бірі Ұлы Жеңістің 76 жылдығына орай аудан әкімі Жандарбек Далабаев ақсақалдың үйіне арнайы барып, құрмет көрсетіп қайтты.
Сұрапыл соғыстағы майдангерлердің көрсеткен ерліктеріне бүгінгі ұрпақ бас иетінін айта отырып, бізге бейбіт өмір сыйлаған қарт жауынгерге алғысын білдірді. Сонымен қатар, жеңісті жақындатқан жанға сый-сияпат көрсетіп, облыс әкімі Амандық Баталовтың атынан құттықтау хатын табыстады. Өз кезегінде ардагер бүгінгі тәуелсіз еліміздегі бейбіт өмірдің қадірін ұғынып, оны қастерлеуін өтініп, жергілікті билік өкілдеріне көрсетіліп жатқан құрмет пен қамқорлықтарына ризашылығын білдіре отырып, ақ батасын берді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.