Қарасай ауданы бойынша қазір үш Ұлы Отан соғысының ардагері Жеңістің 76 жылдығына аман-есен жетіп отыр. Солардың бірі – Ыдырысов Чайке қария. Бір қызығы, Қаскелең ауданындағы (қазіргі Қарасай) Еңбекші ауылында дүниеге келген ардагер атамыз осы жерден майданға аттанып, соғыстан кейін де туған жеріне қайта оралыпты.
– Бастапқыда біздің отбасымыз өте жақсы тұрған болатын, – деп еске алады Чайке ата. – КСРО-дағы ауыл шаруашылығын ұжымдастыру жылдары әкем 400 бас қой, 300 бас жылқы, 28 сиыр, 50 гектар жер, 10 соқа, 10 жер жыртатын тырма және үлкен алты қазақ үйді ортақ иелікке тапсырыпты. Содан кейін анам екеуі колхоздың қатарына кірген. 1930 жылы үлкен ағам әскерге шақырту алған еді. 1933 наурыз айында ол қаза тапты. Сол жылдары әкем де соқыр ішектен қайтыс болып, отбасымызда әжем, анам және қарындасымның ішінде жалғыз еркек кіндік болып мен қалдым. Анам жалғыз өзі отыз сиырға қарағанына жаным ашып, шамам келгенше ол кісіге көмектесуге тырысатынмын. Осылайша жеті жасар кезімде алғашқы еңбегім үшін жалақы алдым.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде Чайке атамыз Шамалған ауылындағы мектепте оқыпты. Ал, 1942 жылы әпкесі Ниса Ыдырысоваға майданға шақырту келіп, 19 жасар бойжеткен сұрапыл соғыс аймағына аттанады. Қанды шайқасқа ерлермен қатар қатысқан Ниса апамыз Сталинград қаласынының маңында аяғынан жарақаттанып, үйге оралады. Бұл уақытта Ыдырысовтар отбасының, жалпы халықтың жағдайы нашарлай бастаған еді. Анасы жалғыз өзі мал бақса, әпкесінің еңбекке жарамсыздығы тағы бар. Осыны ескере келе, «үйдегілерімізге масыл болмайық» деген Чайке атамыз Әбікен Тоқшенов және Бейсетай Мәлібеков деген достарымен бірге соғысқа өздері сұранып барайық деген шешім қабылдайды. Бірақ, әскери комиссар оларға әлі соғысқа баруға жассыңдар, деп қайтарып жібереді.
Майданға баруға анық бекінген жігіттер 1942 жылы комсомол құрамына кіріп, бір жылдан соң 6 наурызда әскери комиссариаттан шақырту алады. Міне, солай Чайке Ыдырысов совет әскерінің құрамына енеді. Мұнан кейін Петропавл қаласында үш айлық дайындықтан өтісімен, неміс-фашистерімен соғысқа жіберілген. Аласапыранға толы ауыр жорық жолдары жас жігітті Могилев, Житомир қалаларына дейін апарып, 1943 жылы қазан айында Минск қаласының түбіндегі бір айқаста жараланған. 1944 жылы наурызда Удмуртиядағы Кизнер стансасындағы госпитальдан шығып, қан майданға қайта оралған. Толық айыққан соң Ресейдегі Челябинск облысы Шұбаркүл ауылында телефонист ретінде оқып үйренеді де, 1944 жылы 20-механикаландырылған артиллерия полкымен бірге Берлинді фашистерден азат еткен. Сонымен қатар, Брянск қаласы, Литва, Шығыс Пруссия, Румыния, Кенисбергтегі соғыстарға да қатысқан.
– Бір күні қарауылда тұрған кезімде, немісті ұстап алдым, – дейді ардагер. – Оны штабқа алып келген кезде, әлгі неміс бұл аймаққа парашютпен тоғыз фашисттің түскенін және өздерінің штабы бар екенін жайып салды. Содан үш күн өткен соң жеңіл машинамен қолбасшы Багряман келіп, менен «Кімсің?» – деп сұрады. «Мен қазақпын» – дедім. «Жарайсың, қазақ, сенің арқаңда немістерді ұстадық» – деді де батальон командиріне маған І дәрежелі «Даңқ» пен Кутузов ордендерін бер деп тапсырып кетті.
…Олардың бөлімі Шығыс Пруссиядағы Столыпин қаласында жау күштерінің шабуылын тойтарып, жеңісті ұстап тұрады. Ол кездегі ерлігі үшін майдангер Ыдырысов «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталады. 10 күннен кейін Кенинсбергті алып, жол-жөнекей фашистер басып алған бірнеше ауылдар мен қалаларды азат етеді. Сол уақыттарда жарылған снарядтың сынықтарынан жағынан жарақат алып, тағы госпитальға түседі. Жараның ауыр болғаны сондай, майдангер Ыдырысов тамақ пен суды арнайы түтікше арқылы ішіп жүреді. Госпитальда ол бес ай жатады. Осылайша Кенинсбергте соғыстан кейін екі жыл тұрып, жұмыс істеп, туған жеріне 1947 жылы қайтады.
Ауылына оралған Чайке атамыз еңбекке етене араласып, колхозға жұмысқа тұрады. Екі жыл Ресейде тұрған кезінде құрылысшы ретінде мол тәжірибе жинап келген еді. Осылайша колхоз бастығына барып ауылға Ресейден ағаштар алдырып, еңселі үйлер тұрғызайық деген ұсыныс тастайды. Оның бұл бастамасы бірден қолдау таппаса да, артынша рұқсат беріледі. 1951 жылы көктемде « 1 май» совхозына қосылып, Еңбекші ауылына сол ағаштардан үйлер, мектеп, клуб салады. Чайке атамызға да үй берген кезде, қажет емес деп бас тартады. Жаңадан бой көтерген ғимараттардан соң ауыл жандана бастайды. Осыдан кейін Чайке атамыз Нарынқол ауданына барып, сол жерде әлеуметтік маңызы бар ғимараттар салады. Алдыңғы қатарлы еңбеккер ретіндегі танылған атамыз жайлы Мәскеуде шығатын «Труд» газетіне және «Сельский строитель» журналына мақалалар шығыпты. 1985 жылы зейнетке шығып, бейбіт еңбекте де (құрылысшы) берекелі ісімен танылған ардақты атамыз енді кеудесіне «Еңбек Қызыл ту» орденін жарқырата тағыпты.
Марқұм кемпірі Күпан әже Кемпірекқызы екеуі Болат, Атыбай, Жылқыбай атты үш ұлды, Бибінұр мен Күлатай есімді екі қызды жақсы адам етіп өсірген. Олардан 12 немере, 20 шөбере көрді.
Мамыр айының бесі күні 96 жасқа толған ақсақал бүгінде сыртқа көп шықпайды. Өйткені, сонау соғыстың жүрекке салған салмағы әлі күнге ауыр, әрі ыстыққа да, суыққа да төзіп, қанды шайқаста да, қарқынды еңбекте де бар күш-қайратын аянбай жұмсағандықтан, сондай-ақ, қарттығы «қамауға» алғандықтан әр-әр жері ауырады, таяққа сүйеніп жүреді. Дегенмен, құрметтеп үйіне келіп сәлем бергендер мен немере-шөберелеріне асықпай айтатын әсерлі әңгімесі жетіп артылады. Себебі, ойындағы отты күндер мен көңіліндегі көп игі істер көмескі тартпаған, басынан кешкенінің бәрін ескіртпей есіне алады…
«Жасай беріңіз, жүзге де жетіңіз, ардагер ата!» дейміз біз сөз соңында.
Бұрым ОРЫНБАСАР.