Өзгенің қайғысын бөлісуге және риясыз көмекке дайын, жақсы істердің бастаушысы болып жүрген елтайлық волонтер Әлия Сатпаева жақында тағы бір игі істі бастап, «Ана мен бала» атты қайырымдылық мекемесін ашты. Ауданымыздың көмекке мұқтаж отбасыларына қолдау көрсету мақсатында қолға алынған бастамасының алғашқы жұмысын қарасайлық ерікті, өткен аптаның сенбісі күні Елтай ауылында, ежелден халқымыз игі дәстүрге айналдырған ағаш отырғызу акциясын өткізумен бастады.
Елтай ауылындағы Шабалов көшесіндегі автокөліктерге арналған көпірдің айналасында жүргізілген жұмыстарға округ волонтерлері мен ауыл тұрғындары белсенді түрде атсалысты. Қатысушылар алдымен мұнда тазалықпен шұғылданып, қураған тал бұтақтары мен шөпті, жерде жатқан қоқыстарды жинады. Мұнан кейін алма, шие, алмұрт, қарағаш сияқты әртүрлі 50 түп ағаш отырғызды.
Әлия Нұрмұхамедқызының айтуынша, бұрын мұнда жай тас жол болған, бірақ, көлікпен жүретіндерге ыңғайлы болуы үшін арнайы көпір тұрғызылған екен. Көпір орнатылғаннан кейін оның айналасы қаңырап, бос қалған. Осы ретте олар әкімдіктен арнайы рұқсат сұрап, бұл жерді тұрғындардың демалыс орынына айналдыру мақсатында саябақ салуды жөн көрген. Енді, міне, осы жоспардың бастамасы ретінде алдымен мұнда тазалық және ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілді. Әлияның айтуынша, «Ана мен бала» деп аталатын саябаққа алдағы уақытта жомарт жандардың арқасында балалар ойнайтын алаң салынып, демалып отыратын орындықтар қойылатын болады.
– Жалпы, біз осы уақытқа дейін Елтай округінің тұрғындарына көмек көрсетіп жүрген болатынбыз, бірақ, соңғы кездері біздің «Instagram» парақшамызға ауданымыздың басқа округтерінің тұрғындары да жаза бастады. Кейіннен ойлана келе, өзіміздің жеке қайырымдылық көрсететін ұйымымызды құруды жөн көрдік. Бүгін өткізіп отырған шарамызды осы таяуда ашылған «Ана мен бала» қайырымдылық мекемеміздің алғашқы игі бастамасы деп айтуға болады, – дейді қарасайлық волонтер.
Сондай-ақ, Әлия Сатпаеваның айтуынша, мұндай істер жалғаса береді. Мұнан бөлек олар алдағы уақытта округтегі жаңадан бой көтеріп жатқан «Астана» кешенінде, жастарды спортқа баулу мақсатында, заманауи талаптарға сай «Work Out» орталығын ашуды ойластырып жатыр екен. Сонымен қатар, алдағы жоспарларында округте балаларды емдеуге арналған оңалту орталығы мен қиын жағдайға тап болған әйелдерге арналған дағдарыс орталығын ашу да бар.
Осындай сауабы мол шара өткізіп, алдағы уақытта да көптеген жақсы бастамаларды іске асыруды қолға алатын «Ана мен бала» атты қайырымдылық мекемесінің жұмысына тек сәттілік тілейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.