Қарасай ауданының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері А. Сатыбекованың соңғы қаулысы бойынша ағымдағы жылдың 1 мен 15-ші сәуір аралығында карантиндік шаралар күшейтілді. Осыған орай, аудандық Жастар ресурстық орталығы мен эко-волонтерлер бірлесіп Қаскелең қаласы бойынша санитарлық талапты сақтаудың қажеттілігіне байланысты акция өткізді.
«Бетперде тағыңыз!» – деп аталатын шара барысында еріктілер қала тұрғындарына қауіпті індетке қатысты профилактикалық түсіндіру жұмыстарын да жүргізді. Сонымен қатар, жастар қоғамдық орындарда және адамдар көп шоғырланатын аймақта тәртіп талаптары мен санитарлық ережелерді естен шығармауға шақырды. Оған қоса, аудандық бас санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес 1 сәуірден бастап енгізілген шектеу шараларына қатысты мәлімет беріп, жадынама қағаздарын таратты. Нақтырақ айтқанда, еріктелер қоғамдық тамақтану орындары мен сауда үйлері жабылып, тек жеткізу бойынша жұмыс істейтіні, мектептер, білім нысандары түгелдей толықтай онлайн форматқа көшетіні, балабақшаларда тек бала саны 15-тен аспайтын кезекші топтар істейтіні, базарлар 30% толымдылықпен жұмыс күндері 10.00 – 17.00 аралығында ашылып, жексенбі жабылатыны, ал, құрылыс және автобөлшек дүкендері, гипермаркет пен супермаркеттер сенбі-жексенбі де жабылатыны, Қазпошта торабы мен ХҚКО, банктер алдын ала жазылу және санитарлық талапты сақтай отырып жұмыс істей беретіні жайлы толықтай ақпараттандырды. Аталмыш іс-шара алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.