«Тәуелсiздiктiң қайта оралғаны – бiздiң ата-бабаларымыздың сан ғасырлық азаттық күресiнiң заңды өтеуi. Жаратқан иенiң жасаған әдiлдiгi. Ата-бабаларымыздың осыншама байтақ жердi ақ найзаның ұшымен, ақ бiлектiң күшiмен қорғап қалғанының арқасы. Мұндай жер болмаса, мұндай ел де болмас еді».
Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақ халқы егемен ел болып, тәуелсіздіктің берік тұғырын қадағанына биыл 30 жыл толып отыр. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «…Тәуелсiздiк – ата- бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетiн арман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты» дегеніндей, бабалар арманы мен аманаты орындалып, Елбасының көреген саясатының арқасында қазақты әлем танығанына 30 жыл болды.
Жүріп өткен жолында небір зұлмат заманды басынан өткеріп, Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан байтақ жерді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, оны болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдырған бабаларымыздың арманы тәуелсіздіктің ақ таңын көру еді. «Тарихын жоғалтқан жұрт – жоғалған жұрт» деп қазақтың ұлы зиялысы Міржақып Дулатұлы айтқандай, тарихымызды бір сәт саралар болсақ, бүкіл өмірі жаугершілікпен, бертін келе ел тәуелсіздігі жолында ұлт-азаттық көтерілістермен өткен халқымыз қашанда елі мен қасиетті жерін қызғыштай қорғаған қайсар ел. «Қасиетті қазақ жері – ата-бабаларымыздың даңқты тарихын атының тұяғымен жазып кеткен жер» – деп Елбасы дөп басып айтқандай, қазақтың азаттық үшін күресі сонау жоңғар шапқыншылығы кезінен бастап, кейінгі Ресейдің отарлауындағы озбыр саясатына ұласқаны тарихымыздан белгілі.
Мал жайылымының тарлығын желеу етіп, «Қазақтың қызын күң, ұлын құл етеміз» деген мақсатпен мамыражай жүрген қазаққа тарпа бас салған жоңғар шапқыншылығы тарихымызда «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен қалды. Басында әбден дайындалған жоңғар әскеріне төтеп бере алмаған қазақ халқының ес жия алмай, елін, жерін тастап, босып кеткені тарихтан мәлім. Алайда, қасиетті жері мен елінің бостандығы үшін атқа қонған бабалар жауға тегеурінді соққы беріп, қолына қару алған әр қазақтың ержүрек батыр екендігін әлемге паш етті. Қазақтың қалың қолын бастаған батырлар ел аузында Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай деген атқа ие болса, әйгілі Хангелдінің немересі Райымбек батыр, Малайсары мен Шағаман, Қарасай мен Ағынтай, Саңырық пен Тайлақ, Өтеген мен Сұраншы сияқты және басқа да дарабоз батырлар дұшпандарды ойсырата жеңіп қана қоймай, тарих сахнасынан шеттетті.
Бертін келе, Ресей патшалығының қазақ жерін отарлаудағы озбыр саясатына қарсы шыққан батырларымыздың ерлігі тарихымызға «Ұлт-азаттық көтерілістер» деген атпен жазылды. Елінің еркіндігі, тәуелсіздігі үшін отаршылдарға ашықтан ашық қарсы шыққан, ұлт-азаттық көтерілістерді бастаған даңқты Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы және қазақтың соңғы ханы, әйгілі Кенесары Қасымұлы болды. Отарлық саясатын сонау патшалық Ресейден бастаған орыстар 300 жыл бойы қазақ халқына «бөліп ал да, билей бер» саясатын жүргізіп келді. Қол бастаған батырларымыздан кейін Ресейдің озбыр саясатына қарсы күресті қоғамдық саяси күреске айналдырған ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сияқты ұлы саяси тұлғалар бастаған қазақ интеллигенциясы болды. Алайда, олар сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйенің құрбаны болды. Осылайша, қазақ халқының ғасырлар бойы тәуелсіздік үшін отарлық саясатпен күресіне біржолата балта шабылған еді. Алайда, бүкіл өмірін қазақтың тәуелсіздігіне арнаған батыр бабалардың ғасырлар бойғы ерліктері мен саяси күресі ызғарлы Желтоқсан оқиғасында қайта жаңғырып, қазақ еліне Тәуелсіздіктің ақ таңын сыйлады. Елбасы сөзімен айтқанда: «Халқымызды пиғылы бұзықтардың қанды құрсауынан құтқару үшiн қаншама бабаларымыздың осы Тәуелсiздiк үшiн қаны төгiлдi. Ендi, мiне, олардың арманы орындалды. Тәуелсiздiк алу бiр басқа да, оны нығайту оңайға түскен жоқ. Экономиканы нықтау, шекараны бекемдеу және халықтың әл-ауқатын көтеру сияқты күрделi мiндеттер алдымызда тұрды. Осының бәрiн жақсыға шешу қолымыздан келдi».
Тәуелсіздік алған соң Тұңғыш Президентіміз етек-жеңімізді қымтап, ірі саяси қадамдарының арқасында шекарамызды тұрақты түрде бекіте білді. Елбасының көреген көшбасшылығын саяси аренада бүкіл әлем танып, мойындады. Өткенімізді саралап, болашаққа қадам басу мақсатында оқу-білім мен ғылымда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Елбасының тікелей басшылығымен 2004 жылы қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы арқасында қазақ халқының тарихы ұлттық тұрғыда жазылып, ақтаңдақ беттері ашылды. Өскелең ұрпаққа батыр бабаларымыздың елін, жерін қорғаудағы ерліктері мен қазақ зиялыларының тәуелсіздік жолындағы саяси күрестері үлгі өнеге екендігін ұғындыратын ғылыми еңбектер, кітаптар мен оқулықтар жарыққа шықты. Тәуелсіздік жылдарында Елбасы туған халқына арнайы Жолдауларын жолдап, өскелең ұрпақты үнемі отансүйгіштік пен патриотттықа шақырды. Елбасы сөзімен айтсақ: «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады» – деп тәуелсіз ел ұрпақтарын өз Отанының патриоты болуға шақырып қана қоймай, нақты бағыт беріп отырды.
2017 жылы 12 сәуірде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарыққа шықты. Қазақты рухани түлетуді көксеген аталмыш бағдарлық мақала аясында білім мен мәдениетте жаңа қадам басталып, айтарлықтай жетістіктерге қол жетіп келеді. Атап айтқанда, еліміздің бірқатар өңірлерінде, тіпті, қарапайым ауылды жерлерде мәдениет ошақтары бой көтеріп, музейлер мен мұражайлар ашылып, халыққа рухани қызмет ете бастады. 2017 жыл тарихы терең ғасырлар қойнауынан сыр шертетін Қарасай өңірі үшін рухани серпіліс жылы болды. Осы жылы Қарасай ауданында тәуелсіздіктің ақ таңы үшін қолынан қаруын тастамай, аттан түспей, елі мен жерін көзінің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдырған батыр бабаларымыздың құрметіне «Батыр балалар» мемориалды музейі ашылып, халыққа қызмет етіп келеді. Музей бір экспозициялық залдан және үш тақырыптық бөлімнен тұрады.
Бірінші бөлім ежелгі Сақ заманынан басталып, Алашорда және Тәуелсіз Қазақстан тарихының кезеңдерін қамтиды;
Екінші бөлім қазақ тарихындағы әйгілі хандар мен билерге арналған;
Үшінші бөлім Қазақ-Жоңғар соғысы кезіндегі, ерлігімен танылған қазақтың жауынгер батырларына арналған портреттік галереядан тұрады.
«Батыр бабалар» мемориалды музейінде ашылған күннен бастап бүгінге дейін 150-ден аса игілікті іс-шаралар өткізілді. Музейдің халыққа қызмет етудегі басты мақсаты батыр бабаларымыздың ұлан байтақ жерімізді қорғаудағы ерліктері мен ерен еңбектерін келушілерге, әсіресе, өскелең ұрпаққа насихаттау. Сондықтан музейде тоқтаусыз өткізіліп жатқан іс-шаралар, экскурсиялар, лекциялар, музейлік дәрістер мен сабақтардың басым бөлігі еліміздің болашағы жастарды отансүйгіштікке және патриоттыққа тәрбиелеуге арналған. Өйткені, тәуелсіздіктің қадірін бағалауда батыр бабалардың жасаған ерліктерінің құны мен маңыздылығын терең ұғыну, көнекөз тарих пен батыр бабалар рухы алдындағы борышымыз.
Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы жастар, яғни, өскелең ұрпақ, тарихы сонау әйгілі сақтардан бастау алып, ғұн, қаңлы, қыпшақ замандарында «көшпелілер», «көшпелі жауынгерлер» деген атпен дүниені дүр сілкіндірген батыр бабаларымыздың жүріп өткен жолы әлемдік тарихта тайға таңба басқандай жазылып қалғандығын мақтан етуі тиіс. Сонымен қатар, бабалардың бізге аманат етіп қалдырған ұлан байтақ жерін сақтауға, қорғауға және оны өзінен кейінгі ұрпаққа аманаттап тапсыруға міндетті екендігін ұғынуы тиіс. Сонда ғана олар өз Отанының патриоты болмақ!
Қыдыр НҰРҒОЖА,
«Батыр бабалар» мемориалды музейінің ғылыми қызметкері.