Құрмет пен ізетті қатар алып жүретін наурыз айының алғашқы мерекесі «Алғыс айту» күнімен қатар, бүгін Тәуелсіздік жемістерін Елбасы саясатын насихаттап, халық алдындағы міндетті істерді атқарып келе жатқан еліміздегі ең беделді «Nur Otan» партиясының құрылған күні. Басты саяси ұйымға айналған партияға биыл 22 жыл толып отыр. Осы орай аптаның алғашқы күні аталған партияның ауданымыздағы филиалының ғимаратында мерекелік шара өтті.
Салтанатты жиынды жүргізіп, оның алғы сөзін алған «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов Елбасының көшбасшылығымен партияның біздің мемлекетімізде ғана емес, әлем деңгейінде де бағыт-бағдары айқын, қазіргі заманғы талаптарға сай қалыптасып, жаңа әрі заманауи тұрпатты партияға айналғанын тілге тиек етіп, жиналғандарды мерекелерімен құттықтады.
– «Nur Otan» партиясының жемісті жұмысы бәрімізге аян. Сапаға мән берген жұмыстың арқасында халықтың кең қолдауына ие болды. Соңғы 22 жылда Қазақстан тез және қарыштап дамып келеді. Яғни, халықтың әл-ауқаты да жақсара түсуде. Осының бәрі Елбасымыз, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясаты мен партия мүшелерінің еңбегі. «Nur Otan» партиясы мен оның мүшелерін 22 жылдығымен және де біздің мерекемізбен қатар келген «Мәңгілік Ел» бірлігін ортақ тарих және тарихи сана негізінде нығайту мен дамытудың қазақстандық құндылықтарын бейнелейтін «Алғыс айту» күнімен шын жүректен құттықтаймын, – дей келе Қаныбек Құлжабайұлы партияның стратегиялық бағытына сай бағдарламалық міндеттерін іске асыруға елеулі үлес қосып жүрген белсенділерге облыстық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Қожағұлқызы атынан Алғыс хат тапсырды.
Мұнан бөлек, салтанатты жиын барысында мерекеге орай, партия мүшелігіне жаңадан қабылданған бірқатар қарасайлықтарға партиялық билеттер мен төсбелігілер табысталды.
Сонымен қатар, басқосуда Қаныбек Құлжабайұлы партияның барлық бағдарламаларын іске асыруға үлкен үлес қосқан аудандық партия белсенділерін аудан әкімі, «Nur Otan» партиясының аудандық филиалының төрағасы Жандарбек Далабаев атынан Алғыс хаттармен марапаттады.
Жиын соныңда құрметті қонақ ретінде шақырылған «Ауыл» партиясының төрағасы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қарасай аудандық филиалының директоры Жанәділ Орынбай сөз сөйлеп, осы күні аталып өтіп жатқан қос мерекелеріне байланысты ізгі ниетін білдіріп, еліміздің ең ірі партиясын қолдап, онымен бірге жарқын болашақтың жолында қадам жасап жүргендерге сәттілік тіледі.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.