Биыл қазақ халқы үшін атаулы жылдың бірі десек артық айтқандық емес. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген кезеңде жыр жампозы – Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы да қатар келуде. Өлең-сөздің дүлдүлі атанып, қазақ халық поэзиясының бесігінде тербелген тарлан тұлға жайлы қанша дәріптесек те жарасады. Алып ақынның жүз жылға жуық соққан жүрегі елім, жерім деп жырлағаны белгілі. Оның шоқтығы биік, жігерлі шығармалары қазақ әдебиетінде мәңгі мұра болып сақталып қала бермек.
Жүз жасаған бәйтерек – Жамбыл Жабаев өзінің саналы ғұмырында Момын, Талжібек, Қанымжан атты үш әйелінен он ұрпақ сүйеді. Бабамыздан тараған, аманатын арқалаған ұрпақтары бүгінде әлі де ортамызда бар. Әрбірі де жыр алыбының өсиетін өскелең ұрпаққа насихаттап жеткізуде.
Жақында ақынның мерейтойы қарсаңында оның әдеби-мемориалды музейіне арнайы барып, Жамбыл атамыздың немересі әрі осы орталықтың меңгерушісі Салтанат Жамбыловамен сұхбат жүргізіп, ұлы ақын жайлы әңгіме өрбіткен едік.
– Салтанат Тезекбайқызы, алдымен Жамбыл атамыздың 175 жылдық мерейтойы құтты болсын дегім келеді. Қазақтың маңдайына біткен халықтың жыр тұлпарының ұрпағымен сырласу – біз үшін үлкен мәртебе. Әңгімеміздің әлқиссасын ақынның ұрпақтарын жайлы бастасақ деп едік. Өзіңіз сияқты Жамбыл бабамыздың қазіргі уақытта неше ұрпағы бар?
– Атам үш әйел алса, олардан 8 ұл, 2 қыз дүниеге келген. Мен – үшінші әйелі Қанымжан екеуінен тараған Тезекбайдың қызымын. Әкемнің Алғадай, Шыныбай, Ізтілеу деген ағалары болған. Жалпы алғанда, бүгінде Жамбыл атаммен қаны бір болып табылатын немере, шөбере, шөпшектердің басын қосқанда 100-ге жуық ұрпақтары бар. Біз өзіміз төрт ағайынды болсақ, ішіндегі ең кішісі менмін.
– Сіз үшін атаңыздың әдеби-мемориалын басқару қаншалық жауапты іс және мұнда көптен бері қызмет етіп келесіз бе?
– Биыл осы мұражайда жұмыс істегеніме 40 жыл толады. 1981 жылы университетті бітіре салып, осында алғаш рет экскурсовод болып орналастым. Кейін ғылыми қызметкер болып, бұл орталықтың жұмысын жандандыруға бар күшімді салдым. Ал, басшылық қызметке 2018 жылы тағайындалдым. Қазір өзіммен бірге 13 қызметкер осы орталықта еңбек етуде.
– Жамбыл бабамызды қазақ халық поэзиясының биік тұлғасы деп білеміз. Оның сөз өнердің дүлдүлі, суырып салманың хас шебері, жыршы, жырау екені де дүниежүзіне белгілі. Атамыздың осындай даналығы, даралығы оның кейінгі ұрпақтарына дарыған ба?
– Осы сұрақ көп сұхбаттарда жиі қойылып жатады. Расын айтқанда, ол кісінің осындай ерекше қасиеттері көп ұрпағында қатты байқалмаған. Тек Жамбыл атамыздың бірінші әйелі Момын апа екеуінен тараған Қожаш деген перзентінен өнерге деген жақындық білініпті. Ол өз заманында атамыздың сүйікті шәкірті – Үмбетәлі Кәрібаевтармен қатар өсіп, қолына домбырасын серік етіп, әке жолын қуған деседі. Алайда, ол кісі ашаршылық заманда бақилық болған. Міне, осы Қожаш атамыздың тұла бойындағы өнерге деген ынтасы Жамбыл Жабаевтан тараған. Иә, көбісі ойлайды ұлы тұлғаның ұрпақтары бабасына тартқан шығар деп. Дәл атамыз сияқты болмасақ та, оның жырларын жатқа айтып, қазақтың қара домбырасын шертетініміз бар.
– Жамбыл Жабаевтың өз үйінің қасында жерленуінің қандай да бір сыры бар ма? Біз білсек, қасында қазақтың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиев те жатыр. Осы жайында қысқаша тоқталып өтсеңіз.
– Атамыздың көрегенділік қасиеті болған деп еститінмін. Өзінің әке-шешесі осы Жамбыл ауылына кіреберісте жерленсе де, өзін олардың қастарына қоймауын өтінген. Өйткені, бір өсиетінде: «Мен егер олай-бұлай болып кеткен жағдайда, мені ол кісілердің қасына жерлемеңдер. Маған келушілер көп болады. Ал, мен әке-шешемнің жатқан қара топырағын таптатқым келмейді. Сондықтан мені өз үйімнің алма бағының арасында қойыңдар» деген екен. Бұл менің әкемнің өз аузынан естігендерім. Ал, Нұрғиса атам жайлы айтар болсам, ол кісі маған анам жағынан туыстығы бар, яғни, нағашым. Көзі тірісінде Жамбыл атам бала Нұрғисаның тізесінде отырған кезіде аузына түкірген екен. Нағашы ағам қатты сырқаттанып жатқанда, тіпті, Елбасының өзінен Жамбыл Жабаевтың қасынан топырық бұйырса екен деген өтінішін білдіріпті.
– Атамыз Кеңес өкіметінің заманында өмір сүрген тұлғалардың бірі екені бізге белгілі. Ол кезең «Құдай жоқ» деп өткен дәуір ғой былайша айтқанда. Сол уақыттарда Жамбыл Жабаевтың дінге деген көзқарасы қандай болды екен, сол туралы білесіз бе?
– Менің атам бес мезгіл намазын қалт жібермей, үзбей оқыған нағыз мұсылман адам болған. Тіпті, 1936 жылы Мәскеуде И.Сталиннің қабылдауында болған кезде де намаз уақыты келгенін ескеріп, Кремльде шапанын жерге жайып жіберіп құлшылығын орындаған. Бұл жайлы жамбылтанушылардың, оны зерттеушілердің еңбектерінде де жиі жазылады.
– Қазақ тарихында ұлы ақындар дегенде Абай мен Жамбылдың есімі қатар жүретіні анық. Екеуі де бір заманның ақындары десек те болады. Жамбыл бабамыздың Абайға деген көзқарасы қандай болып еді? Олар кездесе алды ма?
– Иә, екеуінің арасы бір жас қана. Осы уақытқа дейін олардың кездесуі жайында ешбір еңбектерде кездеспеген. Әрине, кейбір деректерде атамның Семейге барғаны айтылады. Бірақ, нақты олардың қарым-қатынастары туралы естімеппін. Жамбыл атамнан кезінде бір топ ақындар «Абайдың ақындығына қандай баға бересіз?» деп сұраған көрінеді. Сонда атам «Абай ақын емес…» деп тоқтап ойланып, «Ол – ақындардың пайғамбары» деген екен! Міне, осыдан-ақ байқауға болатын шығар Жамбыл Жабаевтың Абайды қалай бағалағанын.
– Жамбыл есімі біздің әдебиетіміздің үлкен белесі, биігі болып сақталатыны анық. Ал, дүниежүзінде ол кісі қаншалықты насихатталуда?
– Әлемнің кейбір мемлекеттерінде Жамбыл Жабаевтың есімі өз деңгейінде ұлықталып келеді. Оның құрметіне орай Ресейдің Санкт-Петербург қаласында Жамбыл Жабаев атындағы көше де бар. Украина мен Түркия елдерінде атама арнайы тақта да қойылған. Ал, Сербияның астанасы – Белградта атамызға 170 жылдығы қарсаңында оның ескерткіші орнатылды.
– Салтанат Тезекбайқызы, енді өзіңіз басқарып отырған музейдің жұмысына кішкене тоқталсақ. Республика бойынша бұл мемориал – белгілі тарихи орталықтардың бірі. Басқа қалалардан шақыртулар жиі болып тұрады ма? Атамыздың қандай мұраларына сұраныс көп? Сонымен қатар, мұнда келуші қонақтар жайлы айтып кетсеңіз.
– Көшпелі көрме ретінде астанамыз – Нұр-Сұлтан, Тараз және Талдықорған қалаларына арнайы барғанбыз. Көршілес аудандармен де іскерлік байланыстамыз. Мұражайдағы барлық жәдігерлерді апармасақ та, атамның қолданған кейбір заттарын мүмкіндігінше алып жүреміз. Көбісінің қызығатыны – Жамбыл Жабаевтың көк машинасы. Оны Тараздағы көрмелерде таныстырғанбыз. Биыл 175 жылдығының аясында Атырау, Көкшетау, Қызылорда сияқты қалаларға баруды жоспарлап отырмыз. Әдеби-мемориалға келетін қонақтардың қатары артпаса, азайған емес. Оқушылардың жиі келуінен бөлек, шалғай қалалардан да арнайы ат басын бұрып келетіндер де бар. Шетелдік туристер де орталықты тамашалап тұрады. Одан бөлек, Жамбыл Жабаевтың кесенесіне және Нұрғиса Тілендиевтің құлпытасына зиярат етушілердің де бар екенін айта кеткен жөн.
– Жамбыл Жабаевты тарихта хат танымаған деп жатады. Алайда, оның шығармалары ұрпақтан-ұрпаққа дәріптелуде. Бабамыздың осы уақытқа дейін жеткен отты жырларын жеткізген тұлғалар жайлы қысқаша мәлімет келтіріп кетесіз бе?
– Жамбыл ақынның жазу-сызудан хабары болмаса да, оның әдеби хатшылары жақсы жұмыс істеген. Атап айтар болсақ, Сәби Мұқанов, Тайыр Жароков, Мұхтар Әуезов, Ғали Орманов сынды жазушылар атамыздың қасында жүріп, өлең-жырларын қағаз бетіне түсірген. Міне, солардың өшпес еңбектерінің арқасында Жамбыл Жабаевтың әдеби мұрасы бүгінгі күнге дейін жетіп отыр.
– Биыл – Жамбыл атаның 175 жылдығы. Ақынның мерейтойына орай қандай іс-шаралар қолға алынуда? Дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– Ақынды ұлықтауға қатысты игі істердің легі биыл жыл басынан басталып кетті. Ұрпақтарымен кездесу – басты жоспарда тұр. Қазіргі уақытта олардың барлығы жан-жақта болғандықтан, басын қосу кішкене уақытты талап етеді. Сонымен қатар, жамбылтанушылармен де жүздесу жағы қарастырылуда. Аудандық, облыстық, республикалық деңгейде іс-шаралардың жоспары бекітілді.
– Сыр-сұхбатыңызға көп рахмет, Салтанат Тезекбайқызы. Бабамыздың мерейлі 175 жылдығы құтты болсын! Еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз. Жамбылдың мол мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттап, оны аманаттап жүрген Сіздей ұрпақтары аман болсын!
Сұхбаттасқан Дидар МӘЛІКҰЛЫ.