Ауыл – ежелден қазақтың алтын бесігі, алтын ұясы. Осындай жерден қаншама саңлақтар ұшып шықты десеңізші! Жалпы, барша өркениет пен мәдениеттің шыңына жеткен жандардың көпшілігі ауылдан шыққаны баршамызға белгілі. Қазіргі маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар да ауылдың еңсесін тіктеп, шаруа адамының кәсібін дөңгелетіп әкетуіне барынша демеу көрсетуге бағытталған. Газетіміздің бұл нөмірінде Алатау бөктерінде орналасқан, жергілікті халқының ауызбіршілігі мен ынтымағы бекем, жылы шырайлы, үлкенге құрмет пен кішіге ізет әрдайым салтанат құрып тұратын Жандосов ауылдық округі жайлы сөз болмақ. Ол – түгін тартса майы шығатын, жері шұрайлы, топырағы құнарлы ауданымыздың халық тығыз орналасқан елді мекендерінің бірі.
Округ аумағы 17 074,3 гектар жерді қамтиды. Онда Жандосов, Қайрат және Шалқар ауылдары мен «Береке-Фино», «Коммунальник плюс», «Таугүл», «Далан» саяжайлары орын тепкен. Халық саны 11 567 адамды құрайды. Бүгінде заман көшінен қалыспаған, береке-бірлігі жарасқан іргелі округ тізгінін жас болса да білікті басшы Мерхат Ахметов ұстап келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған келелі міндеттерін жүзеге асыруда аянбай еңбек етіп, ауыл жұртшылығын жүйелі іске жұмылдырып келе жатқан атқарушы билік өкілі – ауыл әкімі мен оның аппарат қызметкерлерінің тындырып отырған жұмыстары ауқымды, алға қойған міндеттері жүйелі. Үстіміздегі жылы ауылдық округте айтарлықтай істер атқарылды.
Өткен жылы әкімдікке 154 өтініш келіп түскен.Оның 95-і жеке қабылдауда айтылған өтініштер, ал, 54-і жазбаша болған.
Қарасай ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайына сараптама жасап, жеткен жетістіктер мен әлі де жалғасын табатын жұмыстары биылғы жылғы аудан әкімінің есептік жиынында нақтыланған болатын. Аудан басшысының ұйытқы болуымен тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында қолға алынған бірқатар оңды істер жайлы төменде атап көрсететін боламыз.
Игі істер атқарылды
Ауыл болған соң, оның мұң-мұқтажы болады. Жыл өткен сайын ауылда көп мәселелер өз шешімін тауып келеді. Жандосов ауылдық округінде де өткен жылы ел игілігіне қызмет етер толымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, округ бойынша электр өрісінің жоғары кернеулігін түсіру (разгрузка) мақсатында Қайрат ауылының Қызылжар көшесіне және Шалқар ауылының Қажымұқан көшесіне екі трансформатор орнатылды. Әлсін-әлсін өшіп қалып, тұрғындарды әбігерге түсірген электр қуаты желісің мәселесі оңтайлы шешімін тапқан.
Жандосовтықтарды алаңдатқан жарық мәселесін де жүйеге келтіру біртіндеп іске асуда. Олай деп айтуға Жандосов ауылындағы Ақбастау және Тоғаев көшелеріне жарықтандыру бағаналарының көше бойларына қойылуы негіз болып отыр. Түнгі жарықшамдарды орнатумен «СмартЭлектроМонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысып, абыроймен ел игілігіне тапсырған. Енді ауыл халқы кешкі уақыттарда серуендеуде, жұмыстан қайтар уақыттарында жарық көшелерде емін-еркін еш алаңсіз жүреді.
Мұндағы автокөлік жолдарын асфальттау жұмыстары да кезең-кезеңімен кезекке сәйкес жүйелі атқарылып келеді. 2020 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Шалқар ауылында Жетісу және Кенен Әзірбаев көшелері жөнделді. Ал, Шалқар ауылындағы Абай көшесіне орташа жөндеу жұмыстары «Жұмыспен қамту жол картасы бағдарламасы» аясында жүзеге асқан.
Ауыз су мәселесі шешімін таппақ
Жоғары трассаның бойында орналасқан аталған округке қарасты ауылдардың халық саны да жыл өткен сайын артып келеді. Мұндағы су жүйесі сол кездегі алғашқы қоныстанған тұрғындардың санына лайықталып жасалған. Сондықтан бұл жердегі ауыз су мәселесінің туындауындағы басты себеп осы. Қаншама жылдан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан ауыз сумен қамтамасыз етуге байланысты жүйелі жұмыстар атқарылып, нақтылы қолға алынды.
Дәлірек айтқанда, мердігер мекеме «Сапа Құрылыс-2007» ЖШС-мен 2020 жылдың маусым айында су құбырларын жаңғырту және су тазартқыш ғимаратын толығымен жөндеу жұмыстарын бастаған болатын. Құрылыс қарқыны нәтижелі болса, ауыл ішінде шағын резервуарлар су құбырына жалғанып, бүкіл ауыл ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Жөндеу жұмыстарының аяқталуы 2021 жылға жоспарланған. Жалпы жөндеуге жататын ауыл ішіндегі құбырдың ұзындығы 28,5 шақырымды құрап отыр.
Алда жүзеге асырылар жүйелі жоспарлар
Биыл да ауылдың инфрақұрылымын дамытуға көңіл бөлініп, тыңғылықты жұмыстар жалғасын табады. Мәселен, Жандосов ауылдық округі әкімдік ғимаратының қазіргі сыртқы келбеті көңіл қуантарлықтай емес. Бірнеше он жылдық көлемінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген бұл үйдің жағдайы апатты болып тұр. Тозығы жеткен әкімдіктің ғимараты толықтай бұзылып, орнына заман талабына сай жаңасы бой көтеретін болады. Нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс-монтаж жұмыстарына облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда.
Округтің денсаулық саласына бойынша да оңды өзгерістер күтілуде. Бұл ғимаратқа әкімдік тарапынан жер телімі қарастырылған. Жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуге облыстан қаражат бөлінген. Ал, көшеге келер болсақ, ағымдағы жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасының аясында, Шалқар ауылындағы Желтоқсан көшесін ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған.
Саламатты өмір салтын насихаттау аясында да жақсы бастама қолға алынбақ. Қолжетімді спорт қозғалысы болып саналатын «Street Workout» алаңы салынатын болады. Жұмыс жоспарына сәйкес бұл спорттық жабдықтары бар алаң жергілікті тұрғындардың игілігіне осы жылы берілмек.
Халыққа қолжетімді инфра-құрылым дегенде, ең үлкен проблема – ауыл аудан орталығына жақын орналасса да, интернет байланысы өте нашар жұмыс істейді. Жергілікті әкімдік қарап отырған жоқ, «Қазақтелеком» АҚ өз жоспарымен ауылдағы мекемелерге кең жолақты интернет желісін кіргізуге күш салып жатыр. Көпшілікті алаңдатқан бұл мәселе, әкімдіктің назарында.
Жыл өткен сайын бюджеті еселеніп артып отырған ауданымыздың бір ғана елді мекеніндегі халық игілігі үшін атқарылып жатқан істер легі осындай. Ал болашақтың еншісіне қойылғаны қаншама! Өркенді істер өзекті мәселелерді шешіп, халықтың тілегі қашанда атқарушы биліктің назарында екенін ұмытпайық. Әр қазақтың жүрегiнде бойтұмардай жатталған қасиеттi ұғым бар: ол – ауыл. Жандосов ауылдық округінің де болашағы жарқын, ертеңі айқын дей аламыз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.