Ауданымызға «Халық» қайырымдылық қорынан тағы да 870 азық-түлік себеті жеткізілді. Бұл себеттер ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған 290 отбасыға таратылуда.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығында «Халық» қайырымдылық қоры «Ел тірегі – ЕЛБАСЫ» ауқымды акциясына бастамашылық етті. Халықтың әлеуметтік осал топтарына азық-түлік көмегін көрсету бойынша акцияның бірінші толқыны осы жылдың наурыз-сәуір айларында елімізде өтіп, оның аясында ауданымыздағы 290 қарасайлық отбасыға көмек көрсетілген еді.
Елорда күні қарсаңында, 1 шілдеден бастап біздің ауданымызда еліміздің басқа аймақтарындағыдай, қайырымдылық акциясының екінші толқыны басталды. Оның аясында өткен аптада ауданымызға тағы да 870 азық-түлік себеті жеткізілді.
Аудандық Мәдениет үйінің маңына әкелінген себеттерді ауданымызға қарасты округ әкімдіктерінің мамандары еріктілердің көмегімен тиісінше бөліп алды. Өздеріне берілген арнайы тізім арқылы бүгінде мамандар еріктілермен бірігіп, оны ауданымыздағы мұқтаж 290 отбасының үйлеріне апарып, таратуда.
COVID-19 пандемиясы салдарынан жарияланған карантин кезінде қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету мақсатындағы шара аясында жасалған азық-түлік себеттері – ұн, күріш, қарақұмық, макарон, сұйық май, бұқтырылған ет, қант-шай, кәмпит сияқты ең қажетті өнімдеріне толы. Әр себеттің салмағы 50 кг.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.