Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,
Үлкен болып қалу үшін ғаламда,
Үлкен арман керек екен адамға!
Иә, адамның, тамырына қан жүгіртіп, бойына қуат бітірер күштің бірі – оның асқақ арманы. «Армансыз адам қанатсыз құспен тең». Адам баласына ақыл-ой, сана, сезім деген ерекше қасиеттер бекер дарымаса керек.
Бала кезден қиялына қанат бітіріп биікті аңсаған бала Сұлтан да көп нәрсені армандаған. Соның дәлелі ретінде «Үшқоңыр» атты кітапта Елбасы өзінің балалық шағы туралы былай деген: «Бала кезімізде 5-6 сыныпта, құрлықтағы Шамалғанымызда құрдастарымызбен бәріміз бірге Шамалған деген шағын өзенімізден басқасы болмаса да, теңізді аңсап, теңізші болуды армандайтынбыз. Ән шырқайтынбыз, армандайтынбыз …» – десе, енді бірде «Бір қызығы – сол кезде менде бір құпия арман болды. Мұнар басқан көгілдір көп таулардың тым болмаса ең бергісінің шыңына бір шықсам шіркін деп көксейтінмін. Бұл асқақ арманның қай кезде пайда болғаны есімде жоқ. Бесте ме, әлде жеті жастамын ба? Бірақ көз арбаған әлгі шыңға он төрт жасымда табан тірегенім жадымда» дейді.
Балалықтың бал шағында көңіл көкжиегіндегі кіршіксіз оймен, әдемі қиялға беріліп, биік шыңдарды армандап, есейе келе арманын мақсатына айналдырған Елбасымыздың бүгінде ел тізгінін нық ұстап, елімізді әлем деңгейімен теңестіруі соның бір жарқын дәлелі іспеттес.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында мектеп оқушыларына «Елбасының асқақ арманы» туралы дәріс оқу шарасы өткізілді. Ізгі ойдан туындаған іс-шараның мақсаты өсіп келе жатқан жас буынға ой тастап, білім алу арқылы кез-келген шыңды бағындыруға болатынын ұғындыру.
Музейге келген әрбір жас жеткіншекке экспозициялық көрмемізде орналасқан Президенттің бала күнінде жеткен жетістігі мен бағындырған асуы, қызықтырып, алдыға қарай ұмтылуларына дем беріп қана қоймай, кеудесіне қайралған намыс пен асқақ армандардың отын тұтатар жәдігерлік заттар таныстырылады. Мектеп қабырғасында үздік оқығандығын көрсететін «оқушы табелінің» өзі балаларға, міне, осындай ой салады.
Орталығымызда «Рухани жаңғыру» аясында өтіп жатқан әр іс-шараның мақсаты – болашақ ұрпақтың санасына «рухани азық» сыйлау.
Бұлбұл НҰРБЕКОВА,
«Атамекен» тарихи-мәдени орталығының бас қор сақтаушысы.