Аптаның алғашқы күнінде, облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен Талдықорған қаласында, еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан болып өзгергеніне байланысты ауқымды мерекелік кеш ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне орай, Елбасы есімін бас қаламызға беру туралы ұсынысын қолдау үшін қала қонақтары мен қала, елді мекеннен он мыңнан астам тұрғын жиналды.
Концерттік бағдарламаға ұласқан аталмыш шара Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағында ұйымдастырылып, онда Төреғали Төреәлі, Мәдина Садуақасова, Әли Оқапов, Жанар Дұғалова сияқты қазақ эстрада жұлдыздары мен жергілікті шығармашыл ұжым көңілді кештің сәнін келтірді. Ал, осы мерекелік басқосуға жергілікті өнеркәсіптік кәсіпорындар демеушілік етіп, жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.
Жалпы, еліміздің орталық қаласының атауы өзгергеніне еліміздің зиялы қауым өкілдері мен мәдениет саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың барлығы қолдауларын білдіруде. Мәселен, Алматы облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт Қазақстанның бүгінгі жеткен жетістіктері оңайшылықпен келмегенін, алайда, Елбасының арқасында қиын кезеңдердің барлығы артта қалып, елдің өркендеуі арта түскенін айтты. Сондай-ақ, «Кең дала» шаруа қожалығының жетекшісі К.Алпысбаев былай деді: «Қазақстанның ЕЫҚҰ-на төрағалық етуі, ЭКСПО-2017-нің бас қаламызда өткізілуі және басқа да әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың біздің елімізде атқарылуының бәрі де Елбасымыздың еңбегі, табандылығы деп білеміз. Сондықтан астанамыздың атауы ҚР Тұңғыш Президенті есіміне ауысуы өте орынды шешім. Жайнап, гүлдене берсін бас қаламыз –Нұр-Сұлтан!»
Өз тілшіміз.