«Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» дейтін дана қазақ халқы әрқашанда әр сәбидің несібесі өзімен бірге келетініне сенген. Расымен де солай өзі. Себебі, шаңыраққа енген кішкентай шақалақ әп-сәтте айналасын нұрға бөлеп, қылығымен қуантады.
Осы ретте сиыр жылында ауданымызда дүние есігін ашқаны 8 мыңнан аса нәресте көңілге жылы шуақ құйды! Нақтырақ айтқанда, биыл өз иелігіне кірген барыс жылын ауданның үлкендерімен бірге 8025 сәби қарсы алды. Отбасылар өткен жылда үлкен қуанышқа кенеліп, шаңырақтағы адам саны көбейді.
Ауданаралық көпсалалы аурухананың статистика бөлімінің айтуынша, өткен жылы кішкентай қарасайлықтардың саны едәуір артқан. Яғни, 2020 жылғы көрсеткіш бойынша ауданымызда 4102 ұл, 3886 қыз бала, 82 егіз, жалпы айтқанда, 7988 бала дүниеге есігін ашса, 2021 жылы 4122 ұл және 3903 қыз бала,77 егіз өмірге келген. Осының өзі-ақ егемен еліміздегі түзу тұрмысты, ана мен балаға деген жақсы қамқорлықты айқын көрсетсе керек.
Жаңа жылдың басында қатарымызды толықтырған қарасайлық сәбилерге және олардың аналарына зор денсаулық тілейміз!