1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін Түркістан өлкесінде1 төңкерістің әкелген бір жаңалығы халық ағарту ісінің жаппай қолға алынуы еді. Төңкеріске дейін болған жадиттік мектептер мен қадым бағытындағы молдалардың медіреселері халықтың білімге жаппай білім алуға сұранысын қанағатандыра алмады. Верный қаласындағы Исхақия жәдиттік мектебі, Пішпек, Жаркент, Қапал қалаларындағы орыс-түземдік школаларды жылда біраз ғана бала бітіріп шығар еді. Совет билігі оқу-жазу білмеген кедейлер мен батырақтар бай-шонжарлардың алдауына түсіп, қараңғы болып, большевиктік төңкерістен хабарсыз қала береді деп пайымдады. Сондықтан советтер бірінші кезекте жаппай мектеп ашып, сауатсыздықты жоюды мақсат тұтты. Жетісудың түкпір-түкпірінде көшпелі және отырықшы болыстарда 7 жылдық білім беретін бастауыш түркі мектептері ашыла бастады. Бұдан бөлек Верный қаласының өзінде бірнеше түркі мектептері мен түркі мұсылман балабақшалары мен жетімдер үйі ашылды. Қырғыз (қазақ) педагогикалық даярлау курстары, мұсылман педагогикалық даярлау курстары ашылды, кейін бұл екеуі біріктірілді.
1918-1921 жылдары Түркістан өлкесіндегі оқу-ағарту істерінің өркендеуіне жасалған алғышарттар
1918 жылдың қазан айында «РСФСР бірыңғай еңбек мектептері» туралы Ереже қабылданды. Бұл ереже бойынша мектеп жасындағы балалардың барлығын тегін оқыту мемлекеттің міндеті болды. Орталық биліктің осы саясатының жалғасы ретінде 1918 жылы 6 желтоқсанда Түркістан автономиясының Орталық атқару комитеті «Түркістан АССР халық ағарту ісін ұйымдастыру туралы» ереже қабылданды. Ол бойынша діни және орыс-түземдік мектептердің орнына зайырлы мектептер құрыла бастады. Бұл кезге дейін діни мектептерді реформалау үшін көп істер жасалса да большевиктер мектептерді діннен ажыратып алу үшін өте қарқынды жұмыс істеді. 1919 жылы көктемде шыққан РСФСР циркуляр бұйрығымен «… барлық наным-сенімдегі дін өкілдерін 34 мектепте кез келген жұмысты атқаруына тыйым салынды». 1919 жылдың желтоқсан айында 8-50 жас аралығындағы оқу, жазу білмейтін халықтың сауатын ашу туралы Өкімет декреті шықты. Сонымен бірге, Түркістанда «ликбез» аталған сауатсыздықты жою іс-шарасы басталды.
Түркістанның жергілікті халықтарының өз тілінде жаппай білім алуына жағдай жасалып, зайырлы мұғалім кадрларды дайындауға жаңа биліктің әкімшілік ресурстары жұмылдырылды. Патшалық кезеңдегі барлық орыс мектептері, орыс-түземдік мектептер, жәдиттік мектептердің мұғалімдері қызметтен шығарылып, жаңа билікті жақтаушы мұғалімдер ғана жұмысқа қабылданды. Жетісу губерниясының аумағында тұңғыш түркі мектептері мен мұсылман балабақшалары құрыла бастады. Губерниялық халық ағарту бөлімінде, 1918 жылдардан бастап құрыла бастаған осы түркі мектептерінде және халық ағарту бөлімінде Біләл Сүлеев, Фатима Сүлеева (Ғабитова),Қайсерке Тоқсанбаев, Қалдыбай Абдуллин, Бейсов Айтбек, Нағима Арықова, Хадиша Бекенеева, Асылқожа Құрманбаев, Сара Құрманбаева, Хадиша Құрманбаева, Ғайша Абдуллина, Дәулеткелдиева Зухра, Ахметбаев Абдуқадыр, Рамазан Ордабаев, Алжанбаев Сыдық т.б. ұстаздар жұмыс атқарды.
Жетісуда құрылған Алаш комитетінің мүшесі, төңкеріске дейін Верный қалалық сотында аудармашы қызметін атқарған Асылқожа Құрманбаев Жетісудың оқу-ағарту ісіне белсене араласқан. 1895 жылы Верный қаласына аудармашы ретінде қызмет бабымен ауысып келген.2 А.Құрманбаев әскери губернатор канцеляриясында колледжский регистратор шенінде канцелярия шенеунігі3, облыстық сотта аудармашы қызметін атқарған. Қазан төңкерісінің алдында Алаш қоғалысына қатысып, Жетісудағы Алаш комитетінің қатарында болған. Жетісулық Алаш серкелері Ы.Жайнақов, С.Сабатаев, О.Әлжановтарды большевиктер тұтқынға алған кезде Төраға қызметін атқарушы болды. Алаш көсемдерін босатып алу жөнінде жолдастары Қайсерке Тоқсанбаев, Түлембай Дүйсебаев, Біләл Сүлеев, Мырзахан Төлебаев, т.б. бірге саяси науқан ұйымдастырды. Жетісудағы Алаш кеңесінің Совет билігін мойындауы және алаштықтарға амнистия жариялауынан соң Б.Сүлеев, Қ.Тоқсанбаев, А.Құрманбаев Жетісудағы оқу-ағарту саласына қызметке кіріп белсене атсалысты. Верный қаласында жаңа құрылған II сатылы түркі мектебінде 1919-1920 жылдары мұғалімдік қызмет атқарады, одан кейінгі жылдары Жетісу губерниялық халық ағарту бөлімінде оқу инспекторы қызметін атқарады [АОМА, 177-қор, 1-тізімдеме, 2-парақ, №406 бұйрық]. Бұдан кейін журналистика саласына ауысып, Қалдыбай Абдуллинмен бірге «Кедей еркі», «Тілші» газеттерін шығарады. Сонымен бірге Верный қаласындағы Қыздарға арналған мектептерде Сара Құрманбаева, Хадиша Құрманбаева деген кісілер мұғалімдік жұмыс істеген. Бұл кісілердің Асылқожа Құрманбаевпен туыстығы анықталмады, бірақ, туыстары болуы мүмкін екендігін де жоққа шығара алмаймыз.
Алашорданың тағы бір мүшесі, Қапал уездік Алаш бөлімшесінің төрағасы болған Біләл Сүлеев Совет өкіметі орнаған соң халық ағарту саласына үлкен қызмет сіңірген. Қапал болысының Революциялық комитетінің атынан жіберілген Б.Сүлеев 1920 жылы 28 июльден бастап Верныйдағы облыстық қазақ педагогикалық курсының бастығы болып тағайындалды [АОМА, 177-қор, 1-тізімдеме, 94-парақ, №178 бұйрық]. 10 август 1921 жылдан бастап Жетісу облыстық халық ағарту бөлімінің бастығы болып тағайындалды [АОМА, 177-қор, 1-тізімдеме, 115-парақ, №191 бұйрық]. Бұдан кейінгі кездері де Жетісу облыстық халық ағарту саласында инструктор, инспектор, бастық қызметтерін атқарған. 1937-1938 жж. сталиндік репрессияның құрбаны болды. Б.Сүлеевтің жұбайы Фатима Сүлеева (Ғабитова) да қаладағы мектептің бірінде, одан кейін Жаркентте мұғалім қызметін атқарды.
Алғашқы түркі мектептері мен балабақшаларының құрылу тарихы
Түркі мектептері мен балабақшалары Верный (Алматы) қаласының өзінде және Құлжа трактісі бойында орналасқан қыстақтарда, губерния көлеміндегі көшпелі болыстарда ашылды. Алматы облысы мемлекеттік архивінің (бұдан былай қысқаша «АОМА») 177-қорында сақталған бұйрық құжаттарға қарағанда, Верный қаласында №1, №2 түркі мектептері, Үлкен Алматы болысындағы «Ақсай» деген жерде (қазіргі Алматы қаласы Ақсай микрорайоны), Жайылмыс, Қастек, Қарғалы, Ұзын Қарғалы, Түрген, Маловодный, т.б. көшпелі қазақ болыстарында бірнеше 7 жылдық бастауыш түркі мектептері құрылды. Бұларға қосымша Құлжа трактісі бойында орналасқан отырықшы елдердің Шілік, Қорам, Жанышар, Лавар, Ташкенбайсаз қыстақтарында да 7 жылдық бастауыш түркі мектептері ашылған. Бұл мектептерге барып бала оқытуға Верный қаласындағы педагогикалық курстарды бітірген сауатты мұғалім кадрлар жіберілді.
Верный қаласындағы оқу-ағарту ісіне қазақ әйел ұстаздар да көп қызмет сіңірген. Нағима Арықова Исхақия мектебінің үздік бітірген түлегі. 1918 жыл 24 сентябьрден бастап Верный қаласының №5 қыздар мектебінің бастығы болып тағайындалады. Бұдан кейінгі жылдары Мұсылман балалар балабақшасының, жетімдер үйінің бастығы қызметтерін атқарады [177-қор, 1л-тізімдеме, 2-іс Нағима Арықованың жеке ісі].
Ғафифа Дәлиқамова мен Хадиша Құрманбаева Верный қаласындағы №1 қыздар мектебіне мұғалім болып тағайындалады. Дәулеткелдиева Зухра Шілік болысы Қорам қыстағына мұғалімдікке тағайындалады.
Жайылмыс болысында құрылған мектепте 1920 жылы алты айлық мұсылман педагогикалық курсын бітірген Зайнитдин Қалыбаев мұғалімдік қызмет атқарады. (АОМА, 177-қор, 1-тізімдеме, 62-парақ, №226 бұйрық).Кейін Ежов атындағы мектеп, одан соң Киров атындағы мектеп, Тұрар мектебі болып аты өзгеріп, қазіргі кезде Әбжан Байсалбаев атындағы орта мектеп болып аталады. Осы мектептің түлегі, бұрынғы Білім және ғылым министрі Шәмшә Беркімбаеваның айтуына қарағанда, бұл мектептің іргесі 1918 жылы Ыстыбай тоған деген жерде қаланған. Осы мектепке ұстаздық және басшылық еткен Алматы облысының халық ағарту ісі саласына еңбегі сіңген ұлағатты ұстаз Әбжан Байсалбаев 1898 жылы туған. 1918 жылы Верный қаласындағы Исхақия мектебін бітірген. Исхақия мектебінің сипаты жәдиттік бағытта болып, ерекшелігі Құран тәжуиді, Ислам тарихы сияқты діни пәндермен қатар физика, география, арифметика, сурет салу, ән айту сияқты пәндерді де оқытқан. Исхақия мектебі Жетісудағы ең алғашқы мықты педагог кадрларды дайындады. Ә.Байсалбаев Исхақия мектебін бітірген жыл Қазан төңкерісіне тура келеді. Бұл кезде елде азаматтық соғыс жүріп жатты. Барлық мұғалімдердің жаңа большевиктік билік пен коммунистік партияға лайықтығы тексерілді. Сондықтан Әбжан Байсалбаев бір жылдық педагогикалық курста оқыды. Бұл курста социализм негіздерінен дәріс берілетін. Курсты бітірген соң Алматы облысының көптеген ауылдарында мұғалімдік қызмет қылған. Негізінен қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі қызметімен бірге мектеп басшылығы қызметін атқарған. 1937 жылы Ә.Байсалбаевқа Районо бастығының берген мінездемесінде 18 жылдық педагогикалық тәжірибесі бар, педагог ретінде білімі өте жоғары, ұйымдастырушылық қабілеті де кем емес, деп жазылған.
Бір жылдық педагогикалық курстарды бітірген Ахметбаев Абдуқадыр Балқаш болысына, Алжанбаев Сыдық Қордай болысына жіберіліп, осы өздері туған аймақтың білім саласына үлес қосқан алғашқы қарлығаштар болды.
Сонымен бірге, Жайылмыс болысында құрылған 7 жылдық түркі мектебі кейінірек Ежов атындағы бастауыш орталау мектеп, Тұрар мектебі, Киров атындағы бастауыш орталау мектеп деп аты талай рет өзгерген. Осы мектептің алғашқы директорларының бірі Шәріп Ғабдулов (тарих және сызу пәнінің мұғалімі), завучі Досжанов Ғазиз (арифметика пәні мұғалімі) туралы архив құжаттары кездеседі [АОМА 499-қор, 1-тізімдеме, 6-іс Мектеп директорлары мен мұғалімдеріне берілген мінездеме].
Архивтік дереккөздерге шолу
Алматы облысының мемлекеттік архивінде мемлекеттік сақтауда тұрған 177-қор «Жетісу губерниялық Халық ағарту бөлімінің» құжаттары Алматы облысы және көрші туысқан республикалар аумағындағы халық ағарту білім істерінің тарихынан сыр шертетін дерек көздерге бай қор. 177-қордың істеріне экспертиза жасау барысында құжат материалдарының тарихи құндылығы есепке алынды. 177-қордың құжаттары 1918-1928 жылдардың аралығын қамтиды, жалпы саны 1243 сақтау бірлігі. Қордың құжаттық материалдары 1941, 1945, 1951 жылдары ғылыми-техникалық өңдеуден өткізіліп, 2 тізімдеме жасалған. №1 тізімдемеде 1918-1928 жылдардың аралығын қамтыған өндірістік құжаттар №21лд тізімдемеде Губерниялық халық ағарту бөлімінің қызметкерлерінің жеке істері топтастырылған. Бұл қорда директивалар, бұйрықтар, есептер, жоспарлар мен хат алмасулардан бөлек жеке арыздар, шағымдар, шаруашылық мәселелері бойынша хаттар да тұрақты сақтауға қалдырылды. Жетісу губерниялық Халық ағарту бөлімінің құжаттары толық сақталмаған. Әсіресе, 1918-1919 жылғы құжаттар толық емес. 1920-1928 жылдар аралығын қамтитын құжаттар анағұрлым толық сақталған.
1Ресей патшалығының Түркістан өлкесіне қазіргі Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының территориясы, ішінара Шығыс Қазақстан облысының бір бөлігі, Батыс Қазақстанның Маңғыстау жері және Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан Республикаларының территориясы түгелімен кірген.
2Приказы по Семиреченской области // Киргизская степная газета. – 1895, февраль – 12. – № 6.
3Список лицам гражданского и других ведомств, служащих в Семиреченской области.1912.(По сост. до 1 мая). – Верный, 1902. – стр 2.
Нұржан СӘДІРБЕКҰЛЫ,
Алматы облысының мемлекеттік архиві Құжаттарды пайдалану және ғылыми анықтамалық аппарат бөлімінің архивис маманы, тарихшы.