«Алматы-Бішкек» тасжолын кеңейтуге қатысты өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке тиісті міндет жүктеп, бұл жұмыстарды жеделдету үшін осы жылдың 20 шілдесінен қалдырмауды тапсырған болатын. Президенттің пәрмені аталған мерзімнен кешіккен жоқ. Осы аптаның алғашқы күні күре жолдың 19-27 шақырым аралығын күрделі жөндеу және кеңейту жұмыстары ресми түрде басталды.
Салтанатты рәсімге «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның, Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктерінің өкілдері, жол саласының мамандары және мердігер мекемелер қатысты.
Шара барысында Мемлекет басшысы тікелей тапсырған жобаға қатысты ой-пікірлер ортаға салынып, құрылыстың маңыздылы жан-жақты қамтылды.
Алдымен Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев сөз сөйлеп, бұл жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқанын және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталғанын атап өтті.
– «Алматы – Бішкек» күре жолы еліміздің аса маңызды транспорттық дәлізі екені баршаңызға белгілі. Бүгінгі таңда бұл жолмен Алматы қаласына күн сайын 70 мыңнан аса көлік қатынайды. Қолданыстағы төрт жолақты магистраль мұндай көлемдегі көліктерді кедергісіз жібере алмайды. Осының себебінен кептелістер пайда болып, адамдардың уақыты мен денсаулығына, көліктердің техникалық жағдайына кері әсерін тигізуде. Міне, сондықтан аталған учаскеде 8 жолақты жол, екі транспорт айналымы, 9 жаяу жүргіншілер көпірі, жол жиегіне жүргіншілер жолы салынады.
Осы жобаның табысты жүзеге асырылуы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаудағы кезекті маңызды қадам болып, көлік қатынасының сапасын арттырып, ең бастысы, азаматтарымыздың қауіпсіз әрі жайлы қатынауына қолайлы жағдай жасайтынына сенімдімін. Жобаға қатысушы барлық азаматтарға табысты әрі нәтижелі жұмыс тілеймін, – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмасхан Бауыржанұлы.
Одан кейін сөз алған Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы күре жолдың жөнделуі өте маңызды стратегиялық бастама екенін жеткізді. Айтуынша, бұл халық санының өсуіне және жаңа кәсіпкерлік нысандарының ашылуына байланысты ерекше маңызға ие болмақ. Сондай-ақ ол Алматы агломерациясын дамыту аясында жол қатынасы бойынша туындайтын қиындықтарға тоқталды. Оның ішінде, әрине, Алматы мен Қаскелең арасындағы жер телімдеріне қатысты мәселені сөз етті.
– Жол құрылысына қажетті 100-ге жуық жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі туындады. Бүгінгі таңда бұл бағытта тиісті жұмыс жүргізіліп, қажетті қаражат бөлінген. Еліміздің транспорттық әлеуетін арттырып, экономикамыздың өсуіне ықпал ететін бұл жоба келесі жылдың соңына дейін бітеді деп жоспарланған. Сондықтан өңір үшін өте маңызды жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан барша азаматқа алғыс айтып, жұмыстарына сәттілік тілегім келеді, – деді Бақытнұр Бақытұлы.
Сонымен қатар «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев тасжолдың кеңеюі еліміздегі ең ірі қалалық агломерация үшін стратегиялық маңызге ие болатынын алға тартты.
Ресми шараның соңында Іргелі ауылының ақсақалы Қалиахмет Көшкінбаев жұртшылыққа баталы сөзін арнап, құрылыс жұмыстарының сәтті аяқталуына тілекші болды.
Жобаның маңыздылығы мен ақжарма ақ тілектер айтылған соң, жиналған көпшіліктің көзінше күре жолдың шетіндегі алып техникалар ресми түрде жұмыстарына кірісе бастады. Ал «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев БАҚ өкілдеріне аталған жобаның жай-жапсарына ерекше тоқталды. Оның сөзінше, қазіргі уақытта мердігер ұйым анықталып, тиісті қаржы бөлінген және жер учаскелерін сатып алу мәселесін шешу жағынан жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау көрсетілуде. Осындай жұмыстардың арқасында ұзындығы 8 шақырымдық жолды кеңейту және күрделі жөндеу жұмыстарды бастау мүмкіндігі туып отыр.
– Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында біз Алматы агломерациясы үшін аса маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірін – «Алматы – Бішкек» автомобиль жолының 19-27 шақырымын күрделі жөндеу және кеңейту жұмыстарын бастадық. Бұл – Алматының басты көлік қақпасы. Мұнда күн сайын Қазақстандағы ең жоғары көлік қарқындылығының бірі тіркеледі.
Жобаны жүзеге асыру жолдың өткізу қабілетін айтарлықтай арттырып, жол қозғалысының қауіпсіздігін күшейтуге және жүздеген мың жүргізуші үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Ол дегеніміз – көлік инфрақұрылымын дамытуға, өңір экономикасының өсуіне және азаматтарымыздың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды инвестиция, – деді Дархан Иманашев.
Айта кетейік, жоба аясында автожол 4 жолақтан 8-ге дейін кеңейтіледі. Нәтижесінде бұл учаске үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ететін жалпы қалалық маңызы бар магистральдық көшенің талаптарына сай болмақ.
Күрделі жөндеу барысында «таға» үлгісіндегі екі заманауи көлік айрығы, 9 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі, бүкіл учаске бойында жаяу жүргіншілер жолағы, сыртқы жарықтандыру жүйесі және жаңа күрделі жол жабыны салынады.
Сонымен қатар жоба аясында газ, су құбырлары, электрмен жабдықтау жүйелері және талшықты-оптикалық байланыс желілері сияқты инженерлік коммуникациялар көшіріледі.
Жобаның аяқталуы 2027 жылдың соңына дейін жоспарлануда. Одан кейін Алматы мен қала маңындағы елді мекендер арасындағы жол жүру уақыты едәуір қысқарады деп күтілуде. Мегаполиске кіреберістегі негізгі бағыттардың бірінің өткізу қабілеті артып, көлік жүктемесі азаяды, жол қозғалысы қауіпсіздігі күшейеді және жергілікті әрі транзиттік көлік үшін қолайлы жағдай қалыптасады.
Бұл жоба халықаралық жол желісін кешенді жаңғырту жұмыстарының кезекті кезеңі әрі Қазақстандағы ең ірі қалалық агломерацияның көлік инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

