«Шығармашылық өрісі шексіз, ал тума талант тағдыр тезіне бағынбайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Осы бір қанатты сөздің шынайы өмірдегі жарқын айғағы ретінде Қаскелең қаласында орналасқан ерекше балалармен жұмыс істейтін «Сәуле Сапар» оңалту орталығының тәрбиеленушілерін атауға болады. Аталған мекемеде ем қабылдап, сауықтырудан өтіп жатқан сегіз жасар Айбек пен бес жасар Лира есімді кішкентай өнерпаздар таяуда «Super Star» халықаралық байқауына қатысып, бас жүлдені иеленді. Кішкентай жұлдыздардың бұл жетістігі – олардың ата-аналарының ғана емес, бүкіл орталық ұжымы мен аудан жұртшылығының ортақ қуанышы мен үлкен мақтанышы.
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, оқырмандарымызды осы бір ерекше дарынды балалардың шығармашылығымен таныстыруды жөн көрдік.
Мақаламыздың бас кейіпкерлері – Айбек пен Лира «Сәуле Сапар» орталығында бірнеше жылдан бері жүйелі түрде ем алып келеді. Аталған мекемеде психолог болып жұмыс істейтін Лираның анасы Қарлығаш Жанысованың айтуынша, қызы кішкентайынан сөйлемек түрмақ, мүлдем ешқандай дыбыс шығармаған. Айналасындағы адамдардың сөйлеген сөздеріне, дыбыстарға мүлдем мән бермейтін көрінеді. Нәтижесінде, ол екі жасқа толғанда дәрігерлер «аутизм спектрінің бұзылуы» (АСБ) деген күрделі диагноз қойған.
– Сол сәттен бастап біздің өміріміз күреске толы болды. Әртүрлі мамандардың есігін қақтық, үйде күнделікті жаттығулар жасап, емнің сан алуан түрін көрдік. Кейіннен Қаскелеңдегі «Сәуле Сапар» орталығы жайында естіп, соңғы екі жылда тұрақты түрде осы жерде ем алып жүрміз, – дейді анасы өткен күннің қиындықтарымен бөлісіп.
Анасының үлкен тілегі мен мамандардың кәсібилігі біріккенде жақсы нәтиже көп күттірген жоқ. Бүгінде кішкентай Лира күрделі сөйлемдер құрмаса да, өзінің ойын қарапайым сөздермен жеткізе алатын деңгейге жетті. Бұл – олар үшін үлкен жеңіс.
Лираның өнерге деген құштарлығы ерте жастан байқалған. Ол орталықтағы негізгі емдеу шараларымен қатар, денсаулығын нығайту үшін жүзуге барып, пианино үйірмесіне қатысқан. Қыздың саусақтарымен аспапты сезінуі, әуенді қабылдауы ерекше болды. Оның өмірдегі алғашқы шығармашылық марапаты да осы пианино бағыты бойынша иеленген жетістік еді. Ал орталыққа келген сәтте мұндағы тәжірибелі мәдени ұйымдастырушы Әтіргүл Гүңшенбайқызы бүлдіршіннің бойындағы жасырын талантты бірден байқаған. Ұстаздың өтінішімен және бағыттауымен Лира вокалмен айналыса бастады. Тұрақты дайындық пен табиғи дарынның арқасында ол таяуда өткен беделді «Super Star» халықаралық байқауында «эстрадалық вокал» жанры бойынша бақ сынап, қазылар алқасын тәнті етті. Нәтижесінде бес жасар Лира жас ерекшелігі бойынша бас жүлдені иеленді.
Біздің екінші кейіпкеріміз – сегіз жасар Айбектің де тағдыры мен ерік-жігері ешкімді бей-жай қалдырмайды. Ол кішкентайынан ахондраплазия дертінен зардап шегіп келеді. Бұл дерт, әрине, оның өзге балалар секілді қалыпты өмір сүруіне бірқатар кедергілер тудыратыны анық. Алайда тәннің дерті жанның серпініне тұсау бола алмады.
Орталыққа алғаш жұмысқа келген сәтте Әтіргүл Гүңшенбайқызы Айбекпен жақын танысып, оның ішкі дүниесінің байлығын, сөз саптауын байқайды. Ұстаз баланың талантын дұрыс арнаға бұру мақсатында өзін мәнерлеп оқу бағытында сынап көруді ұсынады. Бұл дұрыс таңдау болды.
Сегіз жасар өнерпаз «Super Star» халықаралық байқауына үлкен дайындықпен барды. Ол сахна төрінде танымал ақын және көрнекті қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың жүрекке жылы тиетін, адамға қиын сәтте зор рух пен жігер беретін «Жігерлендіру» өлеңін оқыды. Айбектің әрбір сөзді жүрегімен сезініп, асқан шеберлікпен орындауы әділ қазыларының ойынан шықты. Нәтижесінде ол «Көркем сөз» жанры бойынша жеңімпаз атанды.
Кішкентай жұлдыздардың осындай биік нәтижеге қол жеткізуіне, олардың бойындағы сенімділікті оятуға өлшеусіз үлес қосқан жан – орталықтың мәдени ұйымдастырушысы Әтіргүл Гүңшенбайқызы. Ол – аталған мекемеге жұмысқа орналаспас бұрын мемлекеттік оңалту орталығында біраз жыл жемісті еңбек еткен тәжірибелі маман. Сол жерде де көптеген ерекше балалардың өнерін ашып, оларды дені сау балалармен бір деңгейде халықаралық, республикалық байқауларға қатыстырып, қоғамға бейімделуіне көмектескен.
«Сәуле Сапар» оңалту орталығына жұмысқа орналасқан соң да ол өзінің осы игілікті бағыттағы жұмысын жаңа қарқынмен жалғастырды. Оның айтуынша, мұндағы бүлдіршіндерді әртүрлі байқауларға қатыстыру идеясы осы мекемеге қадам басқан алғашқы күннен бастап пайда болған. Осы мақсатта ол бірнеше халықаралық конкурс ұйымдастырушыларымен байланыс орнатып, келіссөздер жүргізген. «Super Star» халықаралық байқауы – осы қажырлы еңбектің алғашқы ірі жемісі.
– Менің терең сенімім бойынша мүмкіндігі шектеулі, бірақ өнерлі балалар – бұл ерекше талантымен, мұқалмас ерік-жігерімен және өмірге деген шексіз құштарлығымен бәрімізді сүйсіндіретін, үлгі болатын дарынды жандар. Олар сурет салу, музыка, би, қолөнер және поэзия арқылы өздерінің ішкі әлемін, сезімдерін жарыққа шығарады. Біздің, мамандардың міндеті – тек олардың осы дарынын дер кезінде байқап, сыртқа шығара білуіне жағдай жасау. Оның үстіне, оларды дені сау балалармен бірге бір сахнада, бір байқауда жарыстыру болашақта олардың қоғамға толыққанды бейімделіп, өзіне деген сенімділігінің артуына, жан-жақты ашылуына орасан зор көмек болады. Сондықтан алдағы уақытта мен осы бағыттағы жұмыстарымды бұдан да ауқымды түрде жалғастыра бермекпін.
Әсіресе, біздің орталықта шахматты өте жақсы ойнайтын, суретті айнытпай салатын өнерлі балаларымыз өсіп келеді. Солардың талантын ұштау үшін болашақта осы бағыттағы кәсіби мамандарды, танымал тұлғаларды шақырып, арнайы шеберлік сағаттарын өткізу жоспарымда бар, – деді маман.
Кішкентай дарындар қол жеткізген бұл үлкен жетістікпен тоқтап қалмақ емес. Алғашқы халықаралық жеңіс олардың жүрегіне жаңа серпін беріп, бойларына үлкен сенімділік ұялатты. Қазіргі уақытта Айбек пен Лира орталық қабырғасында келесі үлкен додаға қызу дайындық үстінде. Олар жуырда өтетін үлкен өнер мерекесінде, атап айтқанда, бауырлас Өзбекстан республикасының астанасы – Ташкент қаласында ұйымдастырылатын келесі халықаралық ауқымды байқауда еліміздің және Қарасай ауданының намысын қорғамақ.
Олай болса, өнер жолындағы алғашқы қадамдары сәтті болып, үлкен байқауға аттанғалы жатқан кішкентай, бірақ рухы биік өнерпаздарымызға тек қана сәттілік пен жарқын жеңістер тілейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

