Қарасай ауданында ауылдық медицинаның сапасын жақсарту мақсатында жақсы істер қолға алынуда. Мәселен, мемлекеттің қолдауымен бірнеше елді мекенде дәрігерлік амбулаториялар салынып жатыр. Одан бөлек мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынып жатқан медициналық мекемелерді атап өтуге болады. Солардың бірі – «NOVO INVEST» ЖШС-нің қолдауымен «Еламан» медициналық көмек орталығы. Былтыр дәл осы мекеме Елтай ауылдық округіне қарасты Ақсеңгір мен Көктоған ауылдарында ашылып, жергілікті халықтың қуанышына айналған еді.
Биыл бұл орталықтың саны артып отыр. Яғни, алдағы уақытта Көкөзек пен Кемертоғанның халқы аталған мекеменің медициналық қызметіне жүгіне алады. Ауыл тұрғындары үшін «Еламан» медициналық көмекте денсаулық сақтауға байланысты бірнеше қызмет алу мүмкіндіктері қарастырылған. Бұл жөнінде «NOVO INVEST» ЖШС-нің бас директоры Қарлығаш Ибраева түсіндірді.
– Біздің серіктестік пен Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы арасында келісімшарт орнап, ауылдық медицинаны дамыту қолға алынған еді. Соның нәтижесінде ауылдарда алғашқы медико-санитарлық көмек ретінде отбасыны қолдау орталықтары жұмыс істеуде. Биыл Көкөзек пен Кемертоған ауылдарында ашылдық. Жалпы біздің ауруханада күндізгі стационар, медициналық талдамаларды алу, ультрадыбыстық зерттеулер бойынша қызмет көрсетіледі. Одан бөлек акушер-гинеколог сынды мамандар да жұмыс істейді. Скринингтің барлық түрі бар. Алдағы уақытта стоматология кабинетін ашу жоспарлануда, – деді Қарлығаш Болатқызы.
Айта кетейік, МӘМС жүйесі және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша жергілікті тұрғындар үшін «Еламан» орталығындағы тиісті медициналық қызметтің бәрі тегін болады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
